Павлодарда қаржылық пирамида ұйымдастырушылары сотталды

Көркем Алдабергенова 31 июл. 2025 10:19

Павлодар қаласында АҚШ-тағы жарнамалық қосымшалар платформасы ретінде көрсетілген «TAKORP» қаржы пирамидасын ұйымдастырған тұлғаларға қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«TAKORP» қаржы пирамидасы инновациялық жарнама технологияларына бағытталған АҚШ платформасы ретінде таныстырылған.

Жобаның қатысушыларына «OKX» криптобиржасы арқылы криптовалюта сатып алу арқылы тіркелу ұсынылған.

Негізгі шарттардың бірі кемінде 5 жаңа салымшыны тарту. Бұл талап орындалған жағдайда «бақ дөңгелегіне» қатысуға және бағалы сыйлық ұтып алуға мүмкіндік берілді.

Нәтижесінде, 80-нен астам азамат уәделерге сеніп, 30-дан 500 АҚШ долларына дейін инвестиция салған, кейбірі деңгейіне қарай 2 мың АҚШ долларына дейін бонус аламыз деп үміттенген.

Қылмыстық жолмен алынған табыс 59 млн теңгеден асты.

Пирамиданы насихаттау мақсатында Zoom платформасы арқылы бейнеконференциялар форматында жарнама жүргізілген.

Бұл кездесулердің негізгі мақсаты салымшылардың материалдық жағдайын жақсарту деп көрсетілгенімен, шын мәнінде, жаңа қатысушыларды тарту қажеттігі басты назарда болған.

Салымшылардың қаражатына күдіктілер Павлодар қаласынан пәтер сатып алып, төрт банк депозитін ашқан. Аталған мүлікке соттың санкциясымен тыйым салынды.

Сот қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларды 1 жыл 6 айдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығынды өтеу мәселесі азаматтық іс жүргізу шеңберінде қаралатын болады.


Рекомендовать
Последние новости