Павлодар облысындағы дауылдан кейін бірнеше шенеунікке сөгіс жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, еңбек демалысынан шыққаннан кейін бірден Ақсуға барып, 19 маусымдағы дауылдан кейінгі қаланың жай-күйін тексерген.
"Ақсу дауылдың эпицентрінде орналасты, көптеген нысан зардап шекті. Өкінішке қарай, қала тұрғыны Марина Пахомова қайтыс болды. Қайтыс болған адамның отбасына көмек көрсетілді: тиісті өтемақы төленді, коммуналдық қызметтер үшін екі жылға алдын ала төлем жасалды, несиелерін өтеуге қаражат бөлінді", - деді әкім.
Дегенмен қаладағы шенеуніктердің жұмысына өңір басшысының көңілі толмады.
"Нысандарды қалпына келтіру бойынша көптеген жұмыс жасалды, алайда жұмыстардың қарқыны көңіл көншітпейді. Үш күн ішінде құлаған ағаштарға қатысты, әсіресе, коммуналдық қызметтердің жұмысына көп шағым түскен Ақсу шағынауданын тазарту қажет", - деді ол.
Қаладағы шенділерге осы оқиғадан соң сөгіс жарияланды.
"Төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы күндері халықпен кері байланыс жасамағаны үшін Ақсу әкіміне, орынбасарына және аппарат басшысына сөгіс жарияланды. Ақсу қаласының әкіміне уәкілетті органдардың екі басшысын қызметінен босатуды немесе төмендетуді тапсырдым. Келесі аптада қайтадан келіп, жұмыстардың ұйымдастырылуын тексеремін және жеке бақылауымда ұстаймын", - деді Байханов.
19 маусымда Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жететін дауыл соққан болатын.