Парадокстар еліне айналып бара жатырмыз: көктемде топан су, жазда қуаңшылық - сарапшы

Сағыныш Сардарова 12 апр. 2024 15:30 3918

Көктем бастала сала еліміздің түкпір-түкпірі су тасқыны апатымен бетпе-бет келді. Өңірлерде тұрғындар баспанасынан айрылып, мал қырылып, орасан зор шығын келіп жатыр.

"Шаңырақ" республикалық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Садырбай мен Мәжіліс депутат Ерлан Сайыров осы жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алмасбек Садырбайдың сөзінше, қазір су тасқыны болғанымен, жазда қуаңшылық қаупі төніп тұр.

"Су басып жатыр. (Бірақ - еск.) Қазгидромет болжамын берді. Маусымда қуаңшылық. Су жоқ. Екі айдан кейін қуаңшылық не істейміз?" - дейді Алмасбек Садырбай "Қасқа жол" арнасына берген сұхбатында.

Бұл пікірді депутат Ерлан Сайыров та қуаттады.

"Қазақстан парадокстар еліне айналып бара жатыр: қыста қатып қаламыз, көктемде топан су басады, жазда қуаңшылық болады. Ертең егін шықпай қалатын болса, жағдайымыз мүшкіл болады.

...Израиль деген ел бар. Израильде топырақтан ештеңе өнбейді. Бірақ дүние жүзінде ауыл шаруашылығы бойынша алты миллиард доллар экспорт (шығарады - еск.). Олар бір тамшы суды төрт рет пайдалануды үйренген", - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров. 

Алмасбек Садырбай су тасқынының салдары ауыр болатынын ескертті.

"Үлкен проблема бар. Біріншіден, су шайып өткені, мұзбен ойып өткені жер эрозиясына әкеледі. Біздің жердің құнарлы қабатын астан-кестеңін шығарады. Екінші сол судың салдарынан өлген малдың бәрі ауру таратады. Сонымен қоса мұнай қалдығын, қоқыс сақтайтын жерлер біздің даланың бәрін уландырып жатыр. Ол туралы ешкім ойлап жатқан жоқ. Солтүстікте бидай тұқымдары шылқып суға батып қалды. Малдың өлігі жиналмай жатыр. Ол туралы ешкім білмейді", - деді ол сұхбатында.

Айта кетейік, бұған дейін 1981-1995 жылдары Қазақстанның су шаруашылығын басқарған Нариман Қыпшақбаев елдегі осы төтенше жағдайға пікір білдірді.

Су саласында ұзақ жылғы тәжірибесі бар маман дәл осы табиғи ресурс мемлекеттің басты күші екенін айтады.

"Ел боламын десең жерің мен суыңа ие бол. Ие бол деген сөз - оны реттеу, жоспарлау, тиісті құрылыстар салу, оларды күту. Су деген жақсы қасиетімен елге қызмет етуі керек. Мемлекеттің негізі - қай мемлекет болсын, менің түсінігімде, жер  мен су. Жері мен суы жоқ мемлекет болмайды.

30 жылда мемлекеттің негізі мұнай деді. Мұнай - таусылатын ресурс. Су, жер - таусылмайтын ресурс. Қазақстанның экономикасының, әлеуметтік жағдайының дұрыс болмауы осы екі ресурсқа назар аудармауда деп есептеймін. 30 жыл Су министрлігін құрмай, былтыр қыркүйекте құрды. Сөйтіп су шаруашылығы мынадай жағдайға әкелді. Не құрылыстары жұмыс істемейді, барлық су маманы қаңғырып кетті. Облысқа, ауданға барсаң, "су жағдайы не болып жатыр?" деп сұрайтын адам жоқ. Қайда кетті? Осыны құртқан - біз. Су министрлігін жойдық, облыстық, аудандық су шаруашылығын жойдық. Оның орнына Астананың маңайында керек емес конторларды құрып алып отырмыз. Қазіргі кезде осы тасқынмен кім айналысып жатыр? Мынау судың иесі кім деп сұрау керек қой. Жаңадан келген министр жүгіріп жүр, әлі бір жыл болған жоқ келгеніне. Осыған дейін кім жауап берді? Назарбаев бәрін, министрлікті жапты, құртты", - деді ол Ara Media-ға сұхбатында.

Сондай-ақ, ол осы салада мамандар қаңғырып кеткенін айтты.

"Министрлікті күшейту керек. Су шаруашылық мекемелерін облыстық деңгейде, аудандық деңгейде күшейтуіміз керек.

...Су мамандары қаңғырып кетті. Оны да бірнеше жыл айттым. Астанада отырып егіс егу, Астанадан отырып егістікті суару дегенді түсінбеймін. Бәрі ауылда, облыста болу керек. Канал сонда, су сонда, жер сонда, шаруа қожалықтары да сонда.

Су маманы сонда болу керек. Астананың маңайында соның бәрін жинақтау деген ауруға ұшырады. Ел ақылдасатын мамандар табылмай жатыр", - деді ол Assyltas TV-ға берген сұхбатында.


Рекомендовать
Последние новости