Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі тағы да Антикор назарына ілікті

Сағыныш Сардарова 10 апр. 2024 14:37 2504

Жуырда экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тағы бір істі тергеу аяқталғаны белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері осы тергеу барысына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Антикор өкілі Сатыбалды мен өзге де адамдарға қатысты бірнеше дерек бойынша тергеу жүргізілгенін мәлімдеді.

"Агенттік күдікті Гүлмира Сатыбалды мен басқа да адамдарға қатысты бас бостандығынан заңсыз айыру, аса ірі мөлшерде бопсалау, ауыр зардаптарға әкеп соққан өзін-өзі басқару деректері бойынша соталды тергеп-тексеруді аяқтады. Гүлмира Сатыбалдыға қатысты Алматы тергеу сотының санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", - деді Антикор өкілі.

Бұған дейін де Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайына қатысты істі тергеумен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысқаны белгілі болды. 

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалды мен басқа адамдарды Қылмыстық кодекстің 126-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы ("Бас бостандығынан заңсыз айыру абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса" - еск.), 194-бөлігі, 4-бөлігі, 2-тармағы ("Қорқытып алу, аса iрi мөлшерде жасалса" - еск.) және 389-бабы, 4-бөлігінде ("Өзiнше билiк ету, осы баптың екінші немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер" - еск.) көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасады деген күдік бойынша тергеуді аяқтады", - деп хабарлады сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Айта кетейік, Қызылорда соты Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айырған еді.

Оның ісі бойынша сотталушылар орындығында 7 адам болды. Олар 198-баптың 4-бөлімі 2-тармағы бойынша алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті ұрлағаны үшін айыпталды.

2018-2020 жылдар аралығында Сатыбалды Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын жылыту жобасы бойынша жұмыстарды орындамаған, сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқырған. Сотталушылар Д. және Б. қызметтік жағдайын пайдаланып, аяқталмаған жұмыстарды қабылдау-тапсыру актісіне қол қойған.

Сотталушылардың іс-әрекеттері салдарынан 441 миллион теңге көлемінде залал келтіргені айтылды.

Сотталушы С. Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қалған сотталушылар 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал 441 миллион теңге мемлекетке қайтарылды.


Рекомендовать
Последние новости