Өзбекстанда басшылық лауазымдарды атқаратын және сол лауазымдарға резервте тұрған тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа бейімділігін тексеру тәжірибесін енгізу ұсынылды. Мұндай бастаманы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Акмаль Бурханов қолдаған, деп хабарлайды Dalanews.kz Politik.uz-ға сілтеп.
«Бұл мемлекеттік қызметке қателесіп немесе заңсыз баю мақсатында кірген адамдарды анықтауға, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерге адал кадрларды таңдауға мүмкіндік береді», — деді агенттік басшысы.
«Адалдықты тексеру» үшін арнайы психофизиологиялық тест пен полиграф қолдану жоспарлануда. Нәтижесіне қарай тәртіптік шаралар қабылданып, тіпті жұмысқа қабылдаудан бас тарту немесе қызметтегі мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан шығару мүмкіндігі қарастырылады.
«Адалдықты тексеру» — бұл мемлекеттік қызметшілердің құндылықтарын, мінез-құлқын және жеке іс-әрекеттерін талдау арқылы оларды қызметтік міндеттерін орындау кезінде сыбайлас жемқорлыққа ұшырау және мүдделер қақтығысы қаупін анықтауға бағытталған кешенді жүйе екені айтылды.
Тексерудің екі әдісі талқылануда: «мақсатты» және «таңдамалы».
Біріншісінде, барлық мемлекеттік орган мен ұйымда жұмысқа қабылданар кезде кандидаттың адалдық тесті алынады. Оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сұранысы бойынша Мемлекеттік қызметті дамыту агенттігінің басқарушы персоналды бағалау орталығы жүргізеді.
Екінші нұсқада «таңдамалы» тексеру көзделген. Оған «сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары» лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағым түскен тұлғалар ұшырайды.