Өз тағдырымызды қазақ халқының келешегiмен байланыстырғанбыз  

Dalanews 12 авг. 2022 06:43 1090

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы татулық пен бірліктің алтын бесігіне айналды. Бүгінде Қазақ елі өзге ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астына топтастырып, ортақ мақсатқа жұмылдырып отырған берден бір ел. Елімізді ен жайлап, шет қонған өзге ұлт өкілдерінің Қазақстандағы қоғамдық келісімнің мызғымас гаранты айналды.

Қазір айналамыздағы елдерді соғыс өрті шарпып, қиын жағдайда қалып отырған сәтте еліміздегі татулық пен ауызбірліктің бағасы арта түсетіні анық. Әзірбайжан диаспорасының «Озан» мәдени орталығының жетекшiсi ретінде айтсам, қазір біздің тарихи отанымыз Әзірбайжанда соғыс өрті әлі басылған жоқ. Біздің әзірбайжан халқы небір қиындықтарды бастан өткерді. Біздер көптеген ұлттарды паналатқан қазақ халқына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ел ішінде отырып береке-бірлік жайында айту оңай болуы мүмкін. Ал оқ атылып, қан төгіліп жатқан елдердегі халық татулық пен достықтың қадірін жақсы біледі.

Қазақта «Арқа жайлы болса арқар ауып несі бар» деген тәмсіл сөз бар ғой. Бүгінде әлем елдері тарапынан түрлі экономикалық қысымға ұшырған Ресейден бірқатар азаматтар Қазақстанға көшіп келгенін білеміз. Олар Қазақстанда ұлтаралық татулық, экономикалық тұрақтылық, қоғамдық келісім орнамағанын көріп, Қазақстанға бет түзегені анық. Осылайша, қазақ елі Тәуелсіздік жылдары достық пен ұлтаралық татулықтың алтын бесігіне айналды. Өз басым осындай бейбіт елде ғұмыр кешіп жатқаныма дән ризамын.

Барша халықты өзекке теппей, бауырға басқан меймандос қазақ халқының айбары асып, айбыны асқақтауы үшін адал еңбегімізбен өз үлесiмiздi қосуға әрқашанда дайынбыз. Қазақтың Көк байрағының биік желбiреуiне әзірбайжан диаспорасы мүдделі.

Өйткені біздер өз тағдырымызды қазақ халқының келешегiмен байланыстырғанбыз. Бүгінде Қазақстанда тұратын әзірбайжандарды Алматы қаласында «Озан» мәдени орталығы біріктіріп отыр. Жергiлiктi биліктің қамқорлығының арқасында «Демократия үйінен» кеңсемізді ашып, жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. 1996 жылы құрылған бұл ұйым казiр елiмiздегі 30 мыңнан астам әзірбайжанды ортақ мақсатқа жұмылдыруда. Қазір 10 мыңнан астам әзірбайжан Алматы қаласында тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Ал қазақ жерінде жұмыс бабымен жүрген әзірбайжандардың саны бұдан да көп. Қазақстандық әзiрбайжандар барлық салада еңбек етіп, ортақ Отанымыз Қазақстанның гүлденуіне өз үлесін қосып келеді. Қазақ жерiне әзірбайжандар алғаш рет 1928 жылдан бастап қоныс аудара бастаған. Сол кезде біздің аталарымыз Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарына қоныстанғаны белгілі.

Бүгінде өзімнің етжақын ағайындарым қазақ жеріне әбден бауыр басып кеткен Әзірбайжан тiлiнде «озан» деген сөз қобызшы деген мағынаны білдіреді. Бүкіл түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт атаны әзірбайжандар озаншы деп атайды. Осы бір ұғым қазақ пен әзірбайжанды біріктіретіндіктен, осы атты әдейі таңдап алдық.

«Озан» қоғамдық ұйымы Алматыда өтетін іс-шараларға қалмай қатысып келеді. Жергілікті қазақтармен бірге Наурыз мерекесін, Тәуелсіздік күнін дәстүрлі түрде атап өтеміз. Ал 2009 жылдың тамызынан бастап әзірбайжан диаспорасы кезiнде бүткiл Кеңес Одағына танымал болған күміс көмей әншi Mүсiлiм Магомаевты еске алу кешін өткiзiп жүр.

Қазақ пен әзірбайжанды біріктіретін ортақ құндылықтар өте көп. Тілiмiз, дiнiмiз ұқсас халықпыз. Ұстанатын салт-дәстүріміз де бір. Бір молдаға Құран оқытып, қатар тұрып, Тәңiрге мінәжет етеміз. Өз басым мұны рухани жақындығымыздың ең маңызды көрінісі деп білемін. Біз де қазақ бауырларымыз секілді балаларымызды сүндетке отырғызып, келін түсіргенде беташар жасаймыз. Осыдан-ақ, қазақ пен әзірбайжанның арасында бәлендей айырмашылық жоқ екенін аңғаруға болады. Жейтін тамағымыз да ортақ.

Жастарға үнемі: «Болашақтарыңды Қазақстанмен байланыстырсаңдар, қазақ тілін үйреніңдер», деп айтып отырамын. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуі – қазақ халқына көрсетілген құрмет деп ұғынуы тиіс. Бұл ретте әзірбайжан диаспорасы өзге ұлт өкілдеріне үлгі көрсетуі керек деп есептеймін. Өйткені біздің түбіміз бір.

Гариб МАМЕДОВ, «Озан» мәдени орталығының жетекшiсi

Рекомендовать
Последние новости