Отырарлық қариялар өңіріміздің тарихи-киелі орындарын аралауға аттанды

Dalanews 27 сент. 2018 14:46 914

Түркістан облысы Отырар ауданында 60-тан аса ардагер қариялар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген тарихи орындарды аралауға аттанды. Қазыналы қарттар Бәйдібек ауданындағы «Домалақ ана» кесенесі мен «Ақмешіт» үңгіріне саяхат жасамақ.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында іске асып жатқан шараны Отырар ауданында жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Өткен жылы ардагерлер сансыз бабтартардың жатқан жері Сайрам ауданына саяхаттаған болатын.

1-ші қазан халықаралық «Қарттар  күні» мерекесіне орай аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысып,   тәрбиелік мәні зор мұндай бастама  келесі жылы да жалғасын табатынын жеткізді.

«Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістіктері, болашаққа тыныш та, еркін және қауіпсіз өмір сыйлаған ардагерлердің ерен еңбегімен, қажырлы жігерінің арқасы екені анық. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету –  ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің дәстүрлі Жолдауларында қаһарман ардагерлер, қазыналы қарттарымзды ешқашанда назардан тыс қалдырмаған. Қарттарға мемлекет тарапынан берілетін көмектер жыл сайын артып, арнайы емдеу орындарында демалуға барынша жағдай жасалынуда. Бұл – тәңірден келген тәуелсіздіктің сыйы деп білеміз», - деген аудан әкімі еліміздің баянды болашағы жолында рухани құндылықтарымызды насихаттап жүрген қарияларымызға амандық тіледі.

Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістіктері болашаққа тыныш та, еркін және қауіпсіз өмір сыйлаған ардагерлердің ерен еңбегі мен қажырлы жігерінің арқасы екені анық. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз.

Бабадан қалған салттың қалпын бұзбай ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, қазыналы қарттарға сый-құрмет көрсетуден танбай келе жатқан отырарлықтардың бұл өнегелі істерінің мәні тереңде. Өйткені ғұмырларының ең қызықты да жарқын жастық шақтарын еліміздің өркендеуі мен келер ұрпақтың игілігіне арнаған қазыналы қарттарымыздың қоғамда алар орны бөлек.

Сөз барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев өткен тарихымызда ел басқарған хандардың өзі үлкен істі бастар алдында абыз қариялардың ақ батасын алып, оларға құрмет көрсетуден бастағанын айта келе, ұрпақ тәрбиесіне тағылымы мол осындай шараларды ұйымдастырған аудан әкіміне шынайы алғысын білдірді.

Мұнан соң аудан өнерпаздары қасиетті домбыраның күмбірлеген үнімен ардагерлердің көңіл-күйін көтеріп, ұлттық әндерді әуелете шырқады. Ұйымдастырушылардың ықыласы мен шынайы сый-құрметіне көңілдері марқайған қариялар бала көңілмен саяхатқа аттанды.

Естеріңізге сала кетейік осыдан 28 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясы 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Содан бері елімізде жылдан жылға «Қарттар күні» дәстүрлі түрде аталып өтуде.

 

Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости