Отырар ауданы «Адал жол» эстафеталық марафонын Кентауға тапсырды

Dalanews 05 сент. 2018 06:19 953

Түркістан облысының барлық аудан, қалаларда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Адал жол» марафоны бастау алған болатын.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары мен мемлекеттік саясатты насихаттау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өтіп жатқан «Адал жол» эстафеталық марафонын Отырар ауданы Арыс қаласынан қабылдап алып, ауданда түрлі форматта флешмоб, автошеру, дөңгелек үстелдер мен семинар сынды бірқатар іс-шаралар ұйымдастырғаны белгілі.

Мемлекеттің дамуын тежейтін сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа тәсілін ұсынып отырған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Адал жол» эстафеталық марафоны қасиетті өлкеде кеңінен қолдау тауып, марафонға мыңға жуық адам қамтылған.

Бүгін «Адал жол» эстафеталық марафонының тізгіні имандылық пен тазалықтың ұясы болған, қазақ өркениетінің алтын діңгегіне баланған киелі Отырар ауданынан қарт Қаратаудың етегіндегі кенді қала кентаулықтарға табысталды.

Аталған шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев және аудандағы мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

– Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы үшін жастарымыз сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт деп тануы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әр адамда құқықтық сауаттылығына да байланысты төмен немесе жоғары болуы мүмкін. Мемлекеттегі заңнамаларды жақсы білу әр адамның өз іс-әрекетіне деген сенімділігін күшейтеді. «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал» делінген. Бұл жерде жас ұрпақтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін күшейту маңызды, – деген аудан басшысы Ерлан Айтаханов аудан халқын ғасыр індеті саналған сыбайлас жемқорлықпен бірлесе күресуге шақырып,  Кентау қаласы әкімінің орынбасары Самат Расул бастаған делегацияға ұсыныс-тілектер жазылған «Адал жол» кітабын тапсырды.

Шара барысында Отырар ауданында өткен «Адал жол» эстафеталық марафонында белсенділік танытып, атсалысқан бір топ мемлекеттік қызметкерлер ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ шарада аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков пен ауданның бас имамы Әлижан Бекбауов жемқорлықтың адамзат баласына тигізер зардабы жайында ойларын айтса, аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Мерей Әметбек аудан жастарын ата-бабамыз аманат еткен адалдық, тектілік жолынан адаспай, қандай істе болмасын адал болуға шақырды.

Одан әрі шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев ауданның мемлекеттік қызметкерлерімен арнайы кездесіп, сұхбаттасты.

 

Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости