Отаршылдардың айласы

Dalanews 07 мая 2017 14:26 802

Бала кезiмде естiген өзгеше бiр сөз қайта-қайта ойыма орала беретiн болды. 1951 – бұдан алпыс екi жыл бұрынғы кеп. Мен он бiр жастамын, 5-класта оқимын.

Кезектi география сабағында мұғалiм Америка құрылығын еуропалықтардың ашуы, жаулауы, игеруi және ондағы құлдық тәртiп туралы әңгiмеледi. Менiң тарихи танымым, әдеби бiлiгiм өз жасым ғана емес, өз тұсымнан да бiршама жоғары едi – орта мектеп оқулықтары бойынша адамзат тарихынан жалпылай дәрiс алғам және әлем әдебиетiнiң қазақ тiлiне аударылған елеулi шығармаларын түгелдей дерлiк оқып тауысқам, оның iшiнде Америкадағы нәсiлдiк жағдай туралы Гарриет Бичер-Стоудың романы да бар. Ендi, мұғалiм қара түстi зәңгiлердi Африкадан тұтқындап, кемелерге салып, жолай қырылғаннан қалғанын жаппай құлдыққа түсiретiнi туралы айтқанда, мен ерiксiз бiр сұрақ қойып едiм.

– Зәңгiлердi соншама жерден тасығанша, неге жергiлiктi халық – үндiстердi құлдыққа жекпейдi? – деп. Сонда мұғалiм айтты:

– Отаршылдар үндiстердi бiр­жола қырып тастағанды тиiмдi санады. Егер оларды аман сақтап, құлдықта қалдырса, заманнан заман өткенде өсiп-өнедi, теңдiкке ұмтылады, содан соң мына жер – бiздiң ата-мекенiмiз деп күреске шығады, ал келгiншi құлдар қаншама жетiссе де, бұл жер менiң ежелгi жұртым деп дауласа алмайды. Сондықтан отаршылдар ел иесi байырғы халықты түп-тұяғымен жойып жiберу қажет деп санады, – деді.

Әлi күнге қайран қалам. Советтiк заман идеологиясына мүлде қайшы, осыншама терең ұғымның тамыры неде? Өзi ойлап тапты ма, әлде кейiнде жоққа сайған ұлттық сананың арыдан жеткен жаңғырығы ма? География мұғалiмi Төлеуқан Жақыпов – ол кездегi ең басты жоғарғы оқу орны ҚазПИ-дiң алғашқы тол­қын түлектерiнiң қатарынан екен. Алаш-Орда идеалдары әлi көмескi тарта қоймаған кезеңде қалыптасқан. Дайын тезистi санаға сiңiру үшiн де үлкен пайым, парасат керек. Қайткенде де, қарапайым ауыл мұғалiмiнiң көкiрегiнде тұнған мұң мен зiлдiң салмағын кiм бiлген. Ақыры өзi де отаршыл алапаттың құрбаны болды – арада екi жыл өткенде, дәл iргеде жарылған қуатты, ең алғашқы сутегi бомбасының зардабынан айықпас сырқатқа ұшыраған ағайындар қатарында шәйiт кеткен едi.

Мұтар Мағауин, жазушы

 

Дереккөзі: zhasalash.kz

Рекомендовать
Последние новости