Өскелең ұрпақты өрт қауіпсіздігі ережесімен таныстыруға жете көңіл бөлінуі керек - маман

Dalanews 29 сент. 2021 18:37 912

Күн сайын қиын жағдайда тәуекелге бел буатын құтқарушылар азаматтарымыздың өмірі мен дүние-мүлкін құтқарады. Олардың кәсібилігі, жеделдігі мен ерлігі қазақстандықтарға төтенше жағдайларда қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді.

  Азаматтық қорғау қызметінің қызметкерлерінен апаттарға қарсы тұру үшін әрқашанда әзірлік талап етіледі. Құтқарушылар тіпті бейбіт күндері де адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін күресуде алдыңғы қатарда. Құтқарушы мамандығы ең күрделі кәсіптердің бірі.

Ынтымағы жарасқан ержүрек, батыл жандардың бірлігі апатпен күресте жан аямай бірге жұмыла қимылдаған кезде көрінеді. 

Басты міндеті — халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Төтенше жағдай орын алған кезде қиын жағдайдан шығуына өз өмірлерін арнайтын мамандық иелері.

Биыл қазақстандық құтқару қызметінің құрылғанына 26 жыл толды. 1995 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын.

2008 жылы 19 қазан заңды түрде Қазақстан Республикасының мереке күндеріне құтқарушылар күні болып тіркелді. 

Өрт сөндіруші, азаматтық қорғау аға лейтенанты Жетібай ауылының № 10 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Қасқырбай Нұрсұлтан Қанатұлы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған жылы туған.


26 жасында ол құнды жұмыс тәжірибесін жинады, билік пен ұжымның құрметіне ие болды. 2013 жылы Жетібай ауылының № 3 жалпы білім беру орта мектебін бітірді, 2014 жылдан 2018 жылға дейін Көкшетау техникалық институтында «Өрт қауіпсіздігі» мамандығын оқыды.

2018 жылы институтты бітіргеннен кейін Нұрсұлтан №10 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып жұмыс істеді. 2019 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі уақытқа дейін № 10 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқаруда.

Нұрсұлтан бөлім мен мекеме өткізетін барлық іс-шараларға белсенді қатысады, 2018 жылы ол өрт сөндіру кроссфиті бойынша жарыстарға қатысып, бірінші орынға ие болды. 2019 жылы волейболдан турнирде № 10 өрт сөндіру бөлімінің командасы екінші орын, қазақша күрестен аудандық жарыстарда бірінші орын алды.

Оның пікірінше ұжымда жақсы, достық қарым-қатынасты сақтау өте маңызды, өйткені олардың жұмысының сипаты бір-біріне толық сенімді болуды талап етеді. Қызмет ету мерзімінің қысқалығына қарамастан, Нұрсұлтан ұжымда еңбекқорлығы, жұмысқа деген жауапты көзқарасы үшін құрмет тұтады.

 "Құтқарушы мамандығы – ең күрделі кәсіптердің бірі, өйткені олар елдің кез келген нүктесінде және одан тыс жерлерде ең қиын жағдайларда, аварияларда, ТЖ-да адамдарға көмекке келеді. Қираған үйлерде, өрт кезінде және су тасқыны кезінде, сондай-ақ жай ғана қиындыққа тап болғандарға да көмекке келеді. Жұмысымыз өте қиын. Бірақта адам өмірін құтқарып жатқан кезде, еш қиындыққа қарамаймыз. Кейін біз көмек қолын созған жандар алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіріп жатады», – дейді ол. 

Оның атап өткеніндей құтқарушылардың түрлі апат салдарын жоюға сіңірген еңбегі де орасан зор. Сондай-ақ ТЖБ қызметкерлері балаларды өрт қауіпсіздігінің ережелерімен таныстыруға бағытталған, алдын –ала түсіндіру мақсатындағы іс – шараларды үнемі өткізіп тұрады.

Қызметкерлер іс – шараны тек әңгіме және баяндама түрінде ғана емес, сұрақ – жауап, байқаулар ретінде, сондай-ақ өртті сөндіру тақырыбында слеттар да өткізіп тұрады. Барлық өткізілген іс – шаралар, қазіргі балалардың өрт қауіпсіздігі саласындағы ой – өрістерінің дамуына негізделген.

Құтқарушы болғысы келген адамға денсаулығы мен спорттық деңгейі маңызды. Айтып келмейтін тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып, көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушыларына үлкен жүрек, білім мен білік және тәжірибе керек екені даусыз.

Қуаныш Рахметоллаұлы


Рекомендовать
Последние новости