"Ақылды балалар қолдауға лайық емес пе?" "Болашақ" бағдарламасының кемшілігі айтылды

Сағыныш Сардарова 18 апр. 2025 14:18 795

Белгілі зерттеуші "Болашақ" бағдарламасының кемшіл тұсын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ulysmedia.kz мәліметінше, Kozybayev University-дің экс-проректоры, зерттеуші, биотехнолог әрі инноватор Дәмел Мектепбаева бір талантты бойжеткеннің оқиғасын айтып берген. Оның сөзінше, ол қызға шынайы қолдау қажет. Дәмел Мектепбаеваның айтуынша, Карина есімді бойжеткен бала кезінен инженер болуды, ғарыш кемелерін құрастыруды армандаған. Жылдар бойы өз бетінше білім ала жүріп, ол мүмкін емес дегенді мүмкін еткен, бірден екі америкалық университетке оқуға түскен.

Алайда осы сәтте ол ең үлкен мәселеге тап болған. Иллинойс штатындағы университеттердің бірі Каринаға 50 пайыз оқу ақысын жеңілдеткен. Алайда қалған жартысын төлеу – тым қиын. Жеңілдікке қарамастан, тұру ақысы, сақтандыру және өзге шығындар – орасан зор. Карина мен оның отбасы үшін бұл – қол жетпейтін шама.

"Сонда осындай балалар қолдауға лайық емес пе? «Болашақ» дәл осылар үшін құрылмаған ба еді? Біз Қазақстанның болашағы жайлы жиі айтамыз. Міне, сол болашақ – осы қыз. Ақылды, мақсаткер, қарапайым әрі таңғаларлықтай табанды. Мен шын жүректен сенемін: «Болашақ» бағдарламасы бакалавриат стипендиясын қайта енгізуі тиіс. Өйткені дәл осындай Кариналар елдің ең үлкен инвестициясы. Шетелге кетуді ғана емес, кері оралып, елде – бәлкім, тіпті ғарыштық болашақты – құруды қалайтындарды қолдайық, – деді Дәмел Мектепбаева.

«Болашақ» бағдарламасына бакалавриатты қайтару жоспары туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2023 жылдың шілдесінде мәлімдеген болатын. Ол кезде министр әлемнің үздік университеттерінде оқу мүмкіндігі халықаралық олимпиада жеңімпаздарына берілетінін айтқан. Сондай-ақ, бұл шешім 2023 жылы республикалық комиссиямен қабылданғанын, алайда заңнамаға өзгеріс енгізуді қажет ететінін, сол себепті өткен жылдың соңында (2023) тиісті заң жобасы Парламентке ұсынылғанын жеткізген.

Күзде Саясат Нұрбек бұл бастаманы қайта көтеріп, бакалавриаттың бағдарламаға 2025 жылы оралатынын айтқан.


Рекомендовать
Последние новости