Нұрлыбек Нәлібаев СеулТех университетінің президентімен екіжақты жобаларды талқылады

Ақтоты Жапатова 18 апр. 2025 14:41 602

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің президенті Дон Хван Киммен кездесіп, бірлесіп атқаратын жұмыстарды талқылады, - деп хабарлайды Dalanews.kz 

Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова, жоғары білімді интернационалдандыру басқармасының басшысы Рауза Мендалиева, университеттің халықаралық қатынастар бойынша вице-проректоры Тэхи Ким, ғылыми зерттеулер және жоспарлау бойынша вице-проректоры Сунуну Канг қатысты.

Облыс әкімі еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлаудың маңызын атап өтті.

«Қазақстан мен Корея Республикасы бірнеше жылдан бері ашық және сенімді қарым-қатынас орнатқан стратегиялық серіктес екені белгілі. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың жолға қойылғанына 33 жыл толды. Кезінде Қызылорда облысына қоныстанған корейлер, олардың ұрпақтары өздерінің адал еңбегімен аймақтың мәдени-рухани, аграрлық және әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді.

Екіжақты ынтымақтастық аясында өнеркәсіп саласына да көңіл бөлінген. Корейлік “With You E&C Kyzylorda” компаниясы тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін зауыт құрылысын салуда. Құны 66,6 млн. АҚШ доллары болатын жоба екі кезеңде іске асырылады, 160 жұмыс орны ашылады. Тиісті жер телімі табысталып, мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

Арал маңында литийдің мол қоры бар. Бұл жөнінде Корея геоғылымдар және минералды ресурстар институты (KIGAM) президенті Пёнг-Ку Ли мырзамен кездескенде баяндадық. Аймақтың еңбек нарығына 28 бағыт бойынша маман даярлау қажет болады. Осы аталған салаларда бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын. Іссапарларыңыз табысты әрі нәтижелі болатынына сенемін», – деді Н. Нәлібаев.

Кездесуде Дон Хван Ким екіжақты ынтымақтастықты дамыту және одан әрі нығайту жолындағы бірлескен іс-қимыл бағытына тоқталды.

Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстандағы Корея Республикасы Бас Консулдығының ресми шақыртуымен аймақ басшысы бастаған делегация Оңтүстік Кореяға барып, екіжақты кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырылды. Сол сапарда СеулТех университетімен білім және ғылым саласында тиімді байланыстар орнатылды.

Нәтижесінде 2023 жылы қараша айында Қорқыт Ата университетінде Қазақстандағы алғашқы Жасанды интеллект институты ашылып, қазіргі таңда 100 студент білім алуда.

Өткен жылдың маусым айында екі елдің Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен қазақ-корей форумында СеулТех және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті арасында қос диплом бағдарламасы бойынша кадр даярлау туралы келісімге қол қойылды. Биыл қос дипломды бағдарлама бойынша білім алушыларды қабылдау басталады.


Рекомендовать
Последние новости