Ошақбаев айына халықтан 35-45 млрд теңге жинап келген Медсақтандыру қорын сынады

Dalanews 13 июл. 2020 16:36 805

Білікті экономист, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына қатысты ойымен бөлісті, – деп хабарлайды Dalanews.kz ақпарат агенттігі. Ол өзінің ой-пайымын Instagram әлеуметтік желісінде жазғанын айта кетуіміз керек. 

– 2017 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмысын бастағанда қор басшылығы ел азаматтарына медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға уәде бергені есімізде. Қор әр ай сайын Қазақстан азаматтарынан 35-45 млрд теңге жинап, қоржындарына салып отырды. Соңында не болды? Алыстан мысал іздемей-ақ қояын. Менің отбасым індет тараған кезде бір түйір тегін дәрі мен медициналық қызметке қол жеткізе алмады. Бірақ біздер 2,5 жыл айлығымыздан белгілі көлемде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына үздіксіз аударып келдік, – Рахым Ошақбаев өз айын ашып айтыпты.

Өз кезегінде білікті маман медсақтындыру қорының жұмыс мөлдір болмағандықтан көкейінде көптеген күмәнді сұрақтар туындағанын да жасырмапты.

– ӘМСҚ құрылғалы бері қарапайым халық пен мемлекет қазынасынан қанша қаржы бөлініп, оның қайда сақталғанын ешкім білген жоқ. Қордың жұмысына қатысты ашық есептілік болмады. Қордың сайтында қанша қаржы түскені жайында құрғақ ақпараттан басқа ештеңе таппайсың. Айталық, 2020 жылы қорға ай сайын 35-45 млрд теңге түсіп тұрған, – дейді сарапшы.


Рахым Ошақбаевтың жеке есебі бойынша, қорға үстіміздегі жылы 400-500 млрд теңге түскен.

– Менің ойымша, қорға тиесілі жарты триллон теңгенің көбесі сөгілмей Ұлттық банкте сақталуы мүмкін. Егер осы ақшаны пандемия кезінде тиімді пайдаланғанда, көптеген адамның өмірін сақтап қалар едік. Жарты триллион теңге 1,2 млрд долларды құрайды. Халыққа қажет кезінде осынша қыруар қаржының ел мүддесіне жарамай есепшотта жатуын қалай түсінуге болады? – деген экономист осы ақшаны дереу мемлекет бюджетіне аударып, коронавируспен күреске қарсы бағыттау керек екенін де тілге тиек етіпті.

– Бірінше кезекте бұл ақшаға аса қажет дәрілерді сатып алуымыз керек. Алдағы уақытта тиімсіз жұмыс істеп, жылына 10 млрд теңге шығындап келген медсақтындру қорын тарқатып, оның қызметін Денсаулық министрлігіне қарасты Медициналық қызметке төлем жасау комитетіне қайтару керек, – деп Рахым Ошақбаев өз талабын ашық айтты.


Сөз соңында Ошақбаев коронавируспен тиімді күресуге қаржылай мүмкіндігі болған қор басшысының ақылы мен ұятының бар екеніне күдік келтіріпті.

Рекомендовать
Последние новости