"Өрлеу" – білім көкжиегін кеңейту орталығы

Dalanews 26 апр. 2016 06:11 1114

Заман жылжып, уақыт озған сайын өмір сүрудің талаптары да өзгеруде. Бүгінгі күннің көзқарасы – аса жылдамдықпен қоғамда болып жатқан заманауи технологияны меңгеруге үлгеруді талап етеді. Ақпараты ағындаған асау дәуірде жан-жағына қарап жайбарақат жүру мүмкін емес. Сонау көне заманнан қазіргі уақытқа дейін қалыптасқан бір қағида – алға жылжу, тек қана алға ұмтылу. Адамзаттың тіршілік тарихындағы «кеше-бүгін-ертең» дейтін даму диалектикасына ден қойсақ, кешегі жаңалық бүгін ескіріп, бүгінгі жаңалық ертең көнеретініне көз жеткізуге болады.

Дәл қазір барлық дүние асығыста. Әлемді жаулаған жаһандану мен дағдарыс адамзат баласына қатерлі қауіп төндіруде. Экологиялық апат, рухани құндылықтардың құлдырауы секілді ірі мәселелердің салдарынан мың вольттық мидың құдіреті мүмкін емес нәрселерді мүмкін ету тәжірибесін көрсетті. Ғаламды өзгертетін – білім мен ғылым. Қарыштаған заманның технологиялық қадамымен көз жетпес жылдамдықта өркендеу – «Өрлеудің» негізгі мақсаты. Осы бір мақсатты дамытуға көп күш салу мен жүзеге асырудың біліктілікті жоғарылату курсы өзіне міндет етіп жүктеген. Осы орайда биылғы 11 сәуірден 23 сәуірге дейінгі қысқа мерзімде өтіп жатқан Қазақстанның әр облысының жоғары оқу орындарынан оқытушылар қауымын Алматы қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшысы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің  біліктілігін арттыратын республикалық институты біріктірді. Таңдап шақырмаған әр саланың мамандарының басты мақсаты – білім беруді тереңдету болса, «Өрлеудің» оқытушылар қауымы әдіснама тәсілдерін жетілдіріп, біліктілікті арттыру, соңғы жетістіктерді игерту мақсатын жүзеге асырып отыр. Осы мақсатта келген «Өрлеуіміз» шын мәнінде біздерді, кең байтақ қазақ елінің түкпір-түкпірінен жол тартқан жүздеген тыңдаушыларды құшақ жая қарсы алып, келген мақсатымызға жетуде әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етіп, әр тыңдаушының жағдайын жасауда. Атына заты сай оқу орнының оқытушылар қауымы жас болғанымен өз пәндерінің білгір мамандары екендігіне бір апталық уақыт аралығында көңілге қонымды және көкейіміздегі көп уақыттан бергі мазалап жүрген сұрақтарымыздың жауабын табудың бағытын нұсқап, көзімізді жеткізіп отыр.

Білім мен ғылымдағы жаңалықтар, жеткен жетістіктер толғандырар тұстарды тыңдаушыларға аз уақыттың ішінде көп қажеттіліктермен ұғындыруға тырысқан оқытушылар қауымы «Білім жүйесі», «SMART  мақсат», «Кейс», «Тұлға», «Құзыреттілік» тәрізді жүйелеп оқытуды жан-жақты талдай отырып, қазіргі кезеңдегі кредиттік технологиямен оқытудың жаңа, тың әдістерін ұсынды. Бұрынғы дәстүрлі жүйенің орнын басқан бұл демократиялық бағыт студенттердің сыни тұрғыдан ойлай алатын заманауи жеке тұлға болып қалыптасуына жол ашатын қадамдар екенін дәлелдеп берді. Республикамыздың әр аймағынан келген әртүрлі жастағы әр саланың мамандарын топтау әдісімен бір жерге шоғырландырып, таңнан кешке дейінгі тынымсыз еңбекпен түсіндіруге тырысқан «Өрлеудің» оқытушылар қауымына да тыңдаушылар тарапынан мың түрлі сұрақ жауып, пікірталастар өрбіп жатқан уақыт – екі жақтың да қызығушылығын тудырып, заманның талабын шешуде нақты қадамдарды ойлы, мақсатты, жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Алғашқы бір апта қанықты бояуымен тыңдаушылардан өлшемді еңбектенуден де артық күш жұмсауға алып келді. Осындай тар уақыт ішінде меңгеруге тиісті тапсырмадан асыра міндеттерді игеру үшін тыңдаушылардың бойына күш пен жігер беретін табиғаттың тылсым күшін сезінуде ел тарихымыздың өткен киелі жерлерімен танысуға, білуге, яғни көп естігеннен бір көргеннің артықшылығын ескертіп, табиғат аясында демалыс ұйымдастырылды.

Алатаудың етегіндегі «Есік қорғаны» – ежелден келе жатқан елдік белгі. Алтын Адамдар табылған осынау қасиетті мекен, таңғажайып табиғаты бар Түрген жайлауы, Түрген өзенінің бір саласын құрайтын Алатаудың қойнауындағы бірнеше метрлік биіктіктен құлайтын «Ақбұлақ сарқырамасында» болуымыздың өзі біз алып жатқан білім мен жаңа технологияның құрамдас бөлігі іспетті.

 

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында болғанымыз тыңдаушылар үшін үлкен рухани серпіліс берді. Бұл мәдени шара – апта бойы алған теориялық білімімізді тәжірибеде байланыстырудың тамаша әдісінің бірі десек, қателеспейміз. Оқу ағымындағы екінші апта енді басталды. Табиғат аясында болған осындай сәтті серуен бізге тың күш, сенімді серпін берді. Сол себепті оқып жатқан аталмыш мекеме басшылары мен оқытушылар қауымына, әсіресе топ эдвайзері Байқоныс Әнуар Жарылқасынұлына 30-лектің №1 тобы атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. «Өрлеудегі» өміршең әдіс шарықтай берсін, тыңдаушыларға берері мол тіршілік ағынының толқыны толқын қусын!

Әлімжан Жақан,


 Сауле Серікбаева,


топ тыңдаушылары атынан


Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің аға оқытушылары


 

 

 

Рекомендовать
Последние новости