"Қазақтардан қандай қорлық көрді?". Орыстілді орта атышулы Аликаның әрекетін айыптауда

Көркем Алдабергенова 29 июл. 2025 09:59

"За рулем Казахстан" журналының редакторы, журналист Алексей Алексеев қарағандылық Алика Мұхамадиева есімді қызға қатысты жазба жариялап, оның әрекетін қатаң сынға алды. Еске сала кетейік, Алика әлеуметтік желідегі жазбасында қазақ халқын қорлап, "мамбеттер" деген сөзді қолданғаны үшін қоғамның ашуына тиген болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қарағандыдан шыққан 22 жастағы Алика есімді бойжеткеннің қылығы жұрттың ашуын туғызды. Өзі криптовалюта арқылы ақша табуды үйретеді екен. Демек, ақылы аз емес. Бірақ ақылдың көптігі әдебінің кемдігін жасыра алмады.

Оның айтқан бейпіл сөзінің бірін бала кезде Өскеменде естігенмін. Ол кезде сондай сөз аузынан шыққанды көрсе, үлкендер теріс айналатын. Ал екінші дөрекі сөзді де еститін кез бар. Бірақ өз ортам ондай сөзден ада.

Сонда ойға түйгенім мынау: Алика мұны отбасынан бойына сіңіріп өскен. Әйтпесе бүкіл халықты «мамбет» деп қорлап, менсінбеуі мүмкін емес. Қазақтың жерінде тұрып, ауасын жұтып, дәмін татып отырып, халыққа биіктен қарау – нағыз тексіздік.

Оның аузынан шыққан сөз – бүкіл елге жабылған күйе. Яғни, менің де ар-намысыма тиген іс. Себебі мен осы елдің азаматымын. Халқымды қадірлеймін, елімді сүйемін. Демек, Аликаның айтқаны менің де намысыма тиеді.

Бұл жағдай қоғамда әлі де осындай ойдағы адамдардың бар екенін көрсетіп отыр. Бірақ меніңше, бұлардың көбі әлдеқашан көшіп кеткен не кетуге қамдануда. Себебі өз елін жек көріп, сол елдің ортасында өмір сүру – өзін-өзі қинау. Не тұрған жеріңді құрметте, не қадір тұтатын жеріңе көшіп кет. Әрине, сыртқа кеткеннің бәрі осы топқа кірмейді. Біреу жаңа орта іздеп, енді біреу мүмкіндіктің соңынан кетеді.

Ал енді жұртты кемсіткен Аликаға қандай жаза лайық деген сұрақ тұр.

Халықтың наразылығы – осындай астамшылыққа берілген жауап. Оның менмендігі, халықты қорлауы – өткен заманның сарқыншағы.

Қызды елден шығаруға да, азаматтығынан айыруға да болар. Бостандыққа шыққан соң, бәлкім, өзі де кетер. Бірақ бір нәрсе анық: қайда барса да, өзімен бірге осы мінезін ала кетеді. Егер бойындағы мінін түзеуге асықпаса, ол барған жерінде де жұртты менсінбейтін қалпында қалады.

Бұл оқиғадан әркім өз сабағын алды. Өз басым ортамыздан осындай адам шыққаны үшін қысыламын. Қарағандының жұрты да ұялған шығар. Өйткені сол қалада еңбегі адал, ниеті таза, тәрбиесі түзу жұрт аз емес.

Қыздың жазасын сот шешер. Ал оның алдында қиын жол тұр. Егер осы оқиғадан сабақ алып, ішкі жан дүниесін түбегейлі өзгертпесе, келбетінің сұлулығы ішіндегі шіріген мінезін бәрібір жасыра алмайды


Рекомендовать
Последние новости