Қазақстанның бизнес элитасы жаңа одақ төңiрегiне топтасуда

Кәмшат Тілеухан 29 июл. 2025 16:18

Тимур Құлыбаевтың, Владимир Ким және Олег Новачуктың компаниялары жаңадан құрылған Қазақстан инвесторлар одағына енді. Бұл туралы журналист Олег Червинский "Нефть и газ Казахстана. Факты и комментарии" атты Telegram арнасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аталған одаққа мынандай компаниялар мүшелікке сырттай қабылданды:

  • KAZ Minerals Management (құрылтайшысы – KAZ Minerals Holding Limited, соңғы егесі Владимир Ким мен Олег Новачук болып табылады);
  • "Кипрос" (құрылтайшысы - Тимур Құлыбаев);
  • Halyk Bank (құрылтайшысы - Құлыбаевтар бақылайтын "Алмэкс" холдингтік тобы);
  • Petroretail - Qazaq Oil ЖҚС желісі (құрылтайшысы - иесі Құлыбаев болып табылатын Joint Technologies);
  • "Каспий мұнай "(құрылтайшысы - Joint Resources);
  • PTC Holding (құрылтайшысы-Joint Technologies).

Қазақстанның инвесторлар одағы жақында құрылды әрі оның әлеуметтік желіде парақшалары да бар. Одақты құру туралы идея 7 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес өкілдерімен кездесуінен кейін жария болды. Мемлекет басшысы олардың серпінді жобаларды іске асырудағы және экономика өсіміндегі шешуші рөлін атап өтті. Президенттің алға қойған міндеттерін іске асыру үшін бизнес бірігу туралы шешім қабылдады.

Жаңа одақ экономиканы дамытудың және инвестициялық климатты жақсартудың стратегиялық мәселелерімен айналысады. Ол "Атамекен" ҰКП-ның орнын басатын немесе онымен бәсекелесетін ұйым болмайды. Президенттің тапсырмасы бойынша, "Атамекен" ұсақ және шағын бизнесті қолдауға баса назар аудара отырып, трансформациялануда. Инвесторлар одағының құрылтайшылары Kazenergy қауымдастығы, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы, Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы болып табылады. 2025 жылдың соңына дейін 100 орта және ірі компаниялар аталған одаққа кіреді деп бажайланады. Одан кейін бұл сан 500-ге жетуі тиіс.

Одақты қаржыландыру ерікті мүшелік жарналар есебінен жүзеге асырылады. Одақ бизнес мүдделерін танытып, шешімдерді әзірлеуге қатысады және экономикалық реформаларға жәрдемдеседі. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі бұрынғы уәкіл Рустам Жүрсінов одақ басқармасының төрағасы болып табылады.


Рекомендовать
Последние новости