«Қауіпсіз терезе» және «Балалар қауіпсіздігі»: астаналық мектепте түсіндіру жұмысы жүріп жатыр

Ақтоты Жапатова 29 июл. 2025 18:35

Елордадағы мектептерде жазғы демалыс басталғалы «Заң және тәртіп» қағидасы аясында «Қауіпсіз терезе» және «Балалар қауіпсіздігі» тақырыптарында ақпараттық-түсіндіру дәрістері өткізілуде. Ата-аналар мен оқушыларға арналған іс-шараларды Астана қалалық білім басқармасы, қалалық полиция департаменті бірлесіп ұйымдастыруда,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

Кезекті осындай іс-шара Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясында өтіп, оған жазғы лагерьде демалып жүрген балалар мен олардың ата-аналары, аталған мектеп ұстаздары қатысты. Жиында оқушыларға тұрмыста және қоғамдық ортада сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, құқықтық жауапкершілік туралы ақпарат берілді, сонымен қатар қауіпсіз өмір салтының маңызы ұғындырылды.

«Қауіпсіздік – әр бала үшін маңызды, бұл әр ересектің жауапкершілігі. Сондықтан мұндай дәрістер Астана қаласының барлық мектептерінде өтіп жатыр. Қазіргі таңда білім беру орындарында Ата-аналарды психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Сол орталықта ата-аналармен өткен ашық сұхбат кезінде құқықбұзушылықтың, суицидтің және буллингтің алдын алу мәселелерін көтердік. Оларды қазіргі таңда мазалайтын мәселелерді бірге шешуге шақырдық», – дейді Астана қаласы Білім басқармасының Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова.

Іс-шараның бағдарламасына сәйкес алдымен балалар қауіпсіздігіне арналған интерактивті дәріс өтті, сосын құқықтық сұрақтар бойынша мамандардың түсіндіру жұмыстары жүргізілді, балаларға жолда жүру ережелері түсіндірілді.

Лагерьде демалып жүрген бастауыш сынып оқушылары «Жас жол сақшылары» көрінісін қойды.


Рекомендовать
Последние новости