ҚР Конституциялық соты қоғамдық бірлестіктердің құрылтайшысы болуға құқығы бар адамдар тобын реттейтін "Қоғамдық бірлестіктер туралы" ҚР Заңының 10-бабының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті іс жүргізуге қабылдаудан бас тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресей Федерациясының азаматы Астана қаласының Әділет департаментіне Қазақстан азаматтары мен шетел азаматтарының бастамасымен құрылған қоғамдық бірлестікті тіркеу туралы өтінішпен жүгінген. Құзырлы орган оны тіркеуден бас тартты.
"Конституциялық сот Заңның бұл ережесі Конституцияны бұзбайтынын және азаматтар мен шетелдіктердің құқықтық мәртебесінің аражігін ажыратудың негізгі қағидаттарына сәйкес келетінін растады. Қаулыда Конституцияға сәйкес шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарының шектеулі көлемі бар екендігі және егер олар заңда көзделген және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғауға бағытталған жағдайда мұндай шектеулерге жол берілетіні атап көрсетілген (Конституцияның 39-бабы)", делінген құзырлы орган түсініктемесінде.
Сондай-ақ, Конституциялық сот Қазақстан ратификациялаған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің ережелері, егер олар демократиялық қоғамның талаптарына сәйкес келсе, қауымдастық бостандығы құқығына заңмен белгіленген шектеулерге жол беретінін атап өтті.
"Конституцияға және еліміздегі қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары ғана қоғамдық бірлестіктердің құрылтайшылары, ал егер шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қатысуына қоғамдық бірлестіктің жарғысында жол берілсе, олар қоғамдық бірлестіктердің мүшелері бола алады (Қоғамдық бірлестіктер туралы заңның 10 және 11-баптары). Осылайша, Конституциялық сот өтініш берушінің конституциялық құқықтарын бұзу белгілерін анықтаған жоқ және конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдауға негіз жоқ деген қорытындыға келді", делінген хабарламада.