Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндік әлеуетін толық пайдалану керек – Дархан Сатыбалды

Dalanews 27 апр. 2023 06:54 906

Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндік пен әлеует толық қолданылмай отыр. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз пайдаланудағы жер телімдерін қайтару жұмыстары баяу жүргізілуде. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында заманауи озық технологияларды енгізу жұмыстарын күшейту маңызды. Бұл жөніне Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кезекті көшпелі мәжілісінде мәлімдеп, аудан әкімі мен жауапты басқармаларға жұмысты жандандыруды тапсырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Аудан экономикасының басты салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Оған климаттық жағдай қолайлы. Мегаполиске де, орталыққа да жақын орналасқан. Бірақ салада өзекті мәселелер бар. Ағын су жүйелерінің тозығы жеткен, механикалық тазалау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген.

Аудан әкімі – ауыл шаруашылығы саласының маманы, бірақ бұл бағыттағы ауданның әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 93 пайызды құрады.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығын қолдау үшін, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шаруаларды несиелендіру жоспарлануда. Бұл бағдарлама саланың дамуына жаңа серпін беруі тиіс. Ордабасы ауданында бағдарлама Шұбар, Бадам ауыл округтерінде іске асырылады. Аудан әкімі бұл бағытта үйлестіру, ал ауылдық округтердің әкімдері тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізсін. Бөлінген қаржыны мақсатты пайдаланып, тұрғындар табысын арттыру қажет, – деген Дархан Сатыбалды инфрақұрылымды жақсарту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, индустриалды аймақты дамыту жөнінде тапсырма берді.


Білім, денсаулық сақтау, санитарлық тазалық, елді мекендерді абаттандыру саласындағы мәселелерді де шешуді тапсырды.

– Аудандағы ішкі жолдардың сапасы сын көтермейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында бірқатар қордаланған мәселелер бар. Табиғи газбен, электрмен жабдықтау, ауыз су жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Құрылысы жүргізіліп жатқан газ нысандарының кемшіліктері қалпына келтірілмеген. Осы кемшіліктерді қысқа мерзімде жою үшін тиісті шаралар қабылдансын, – деді облыс әкімі.

Мәжілісте аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың атқарған жұмыстар жөнінде есебі тыңдалды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандағы жұмыстарды зерделеу нәтижесі туралы баяндады.

Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар негізгі көрсеткіштері былтыр орындалмаған. Ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция 70,5 пайызға, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция 17,5 пайызға орындалып, жылдық жоспарға қол жеткізілген жоқ. Құс етін өндіру бойынша жоспар 34 пайызға орындалған.


Өзіндік кірістердің үлесі төмендеген. Ауданда 792 салық салу нысандары мүліктерін 477 млн. теңгеге бағалап, небәрі 2 млн. теңге салық төлеген. Бірақ аталған нысандардың нарықтық бағалау құны 24,3 млрд. теңгені құрап отыр, яғни, 51 есе жоғары.

Осы және өзге де түйткілдер тарқатылған мәжілісте облыс әкімі аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.

Рекомендовать
Последние новости