Оралдық дәрігер әкімдікті сотқа берді

Қаракөз Амантай 28 окт. 2024 12:14 1853

Оралдық дәрігер әкімдік әрекетін заңсыз деп танып, мемлекеттік қордан пәтер беруін талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот әйелдің 33 жылдан астам дәрігер болып жұмыс істегенін және жеке баспанасының жоқтығын анықтады. Соңғы 15 жыл бойы ол қазір жалдау мерзімі біткен жалдамалы пәтерде тұрып келген.

Бұған дейін тұрғын үй комиссиясының шешімімен дәрігерге мемлекеттік қордан қызметтік пәтер бөлінген. Алайда бүгінгі күнге дейін комиссия шешімі орындалмаған.

Сот отырысы барысында тараптар келісімге келді. Әкімдік әйелге 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін бір немесе екі бөлмелі пәтер беруге міндеттелді.

Бұл шешім орындалмаса, сот әкімдікке 50 АЕК немесе 184 600 теңге көлемінде айыппұл салуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында емханада жанжал шығарған тұрғынға айыппұл салынға еді. Бұл туралы жергілікті “Мой город” басылымы жазды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Бәйтерек ауданының №2 аудандық сотында қаралды. Тұрғынға ҚР ӘҚБтК 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша айып тағылды.

Оқиға 24 қыркүйек күні Асан кентіндегі емхана ғимаратында орын алған. БҚО сотының мәліметінше, әйел дәрігерге қатысты әдепсіз мінез көрсетіп, үстелді ұрып, айқайлаған. Медициналық қызметкердің кәсіби жұмысына кедергі келтірген тұрғын дәрігерге құрметсіздік танытқан.

Сотта әйелдің өзі кінәсін мойындаған жоқ және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспейтінін айтты.

“Осы уақытта дәрігер дәлізге шығып, қасында отырған қарттарға жарықтың сөнгенін ескертіп, анықтама алу үшін келгендердің күтпеуін өтінген. Айыпталушы әйел дәрігерден қызын тексеруді сұраған, ал дәрігер сол сәтте оған назар аудармаған. Сол жерде тұрған бір әжей кезексіз кіріп кеткен. Ал дәрігер маска тағып, бұрылып, айыпталушыға қарамай кеткен. Осы кезде ол дауысын көтеріп, дәрігерге айқайлады, дәрігердің үстелін ұрды, бірақ балағат сөздер айтпады”, - делінген сот хабарламасында.

Сот шешімімен әйел кінәлі деп танылды. Оған 110 760 теңге айыппұл салынды.

 

 


Рекомендовать
Последние новости