Орал қаласында Рахметолла Егізбаевтың 100 жыл толуына орай әдеби-сазды кеш өтті

Жарбол Кентұлы 09 сент. 2024 20:42 2435

2024 жылдың 7 қыркүйек күні Орал қаласында ҚАЗИТЖУ Студенттер сарайында мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, КСРО Журналистер одағының мүшесі Рахметолла Сүйіндікұлы Егізбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай және ақынның мұралары топтастырылған «Шәрімбет саздары» атты жинақтың жарық көруі себепті әдеби-сазды кеш өткізілді.

Таңғы сағат 10 да бастап екі сағатқа созылған әдеби-сазды кештің қонақтары Батыс Қазақстанның зиялы қауымы, ғалым-ұстаздар, әдебиетшілер, ардагерлер және студент жастар болды. Кештің жүргізушісі жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалының төрағасы, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ҚР Құрұлтай мүшесі Ғұбайдуллин Бауыржан болды. Ақын Рахметолла Сүйіндікұлы туралы жан-жақты ақпарат, баяндар айтылып, өлеңдері сахна төрінен орындалды. Солардың ішінде туған жері Тегісшілден келген жастар да бар: Садиев Дәурен мен Мухмамбетқалев Санжар. Одан өзге де көркемсөз оқушылар сөз маржанын мәнеріне келтіре жүректен жүректерге жеткізді.

Мерейтой иесінің көзкөрген әріптестері, соңынан ерген, тәлім-тәрбиесін алған замандастары да ақын туралы естелік айтудан шет қалмады. Олар –Жайсаң Ақбай, Кужекова Роза, Хамзина Сәния.

Кештің сүбелі жері әрине, «Шәрімбет саздары» деп аталып ақынның өз сөзімен айтқанда, «ақсұңқардай қайта түлеген» толықтырылып, естеліктер мен арнаулармен толысып жарық көрген жыр жинақтың тұсау кесу сәті болды. Тұсау кесу тарих ғылымдарының докторы, академик Тұяқбай Рысбеков мен Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов жолданды.

Ал әдеби-сазды кешіміздің тұздығы ретінде әнші-композитор Қуаныш Қисметовтың Р.С.Егізбаев ақынның сөзіне жазған «Шәрімбетім» әні Аслан Боранбаевтың орындауында шырқалды.

Соңында «Шәрімбет саздары» әдеби-сазды кешті ұйымдастырушы М.Б.Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, еңбек, тыл ардагері Атаев Асқар мен «Шәрімбет саздары» кітабының құрастырушысы, мерейтойға қатысты шараларға атсалысушы филология ғылымдарының кандидаты Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Абдульманов Алтынбек кешке қатысқан, өнер көрсеткен жастарды арнайы алғыс хаттармен, сыйлықтармен марапаттады.


Рекомендовать
Последние новости