ОҚО-ға Павлодар облысынан үгіт-насихат тобы келді

Dalanews 20 нояб. 2017 10:45 965

Оңтүстік Қазақстан облысында халықты өз еркімен жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге көшіру жұмыстары жанданып келеді.  Үгіт-насихат жүргізу мақсатында өңірімізге Павлодар облысынан бір топ делегация келді.

Топ құрамында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының басшысы Заут Болат, Ақсу қаласы, Қалқаман ауылдық округінің әкімі Орда Ермекбаев, Екібастұз қаласы, Солнечный ауылдық округінің әкімі Маржан Алшимбаева, Ақсу қаласы, Қызылжар ауылдық округінің әкімі Жеңіс Әбікен, Май ауданы, Малайсары ауылдық округінің әкімі Жанар Комашева, Екібастұз қаласы әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Айгерім Шакирбековалар бар.

Үгіт-насихат жүргізуді мақсат тұтқан топ алдымен Төлеби ауданына атбасын бұрды. Ауданның ауыл-аймағын аралап, халықпен жүздескен делагация солтүстікке көшуге ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан ұсынылатын басымдықтар мен жеңілдіктерді баяндап берді. Жиынға қатысушыларға Павлодар облысындағы жұмыс күшін талап етіп отырған елді-мекендер туралы қысқаша бейнеролик көрсетілді.  Бос жұмыс орындардың денін мемлекеттік қызмет, білім саласы, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы салаларындағы мамандықтар құрайды.

«Бізде соңғы жылдары маман тапшылығы қатты сезіліп отыр. Әсіресе, мемлекеттік қызмет түрлеріне мамандар жетіспейді. Бұл ретте балабақша, мектеп мұғалімдері, денсаулық сақтау саласында еңбек етем деушілерге есігіміз айқара ашық. Ең бастысы – солтүстікке көшуге ниетті мамандардың өз ынта –жігері, қызығушылығы болса, қабылдауға даярмыз», деді Ақсу қаласы, Қалқаман ауылдық округінің әкімі Орда Ермекбаев.

Жалпы, Павлодар облысы егіс егумен, мал шаруашылығымен айналысуға да өте қолайлы. Ол жақтағы ауылды жерлерде баспана бағасы да аса қымбат емес. Осы жайттарға тоқталған топ мүшелері төлебиліктерді Павлодар облысына қоныс аударып, жұмысқа орналасып, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға шақырды.

Павлодар облысының келген тағы бір топ Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімшілігінің кіші мәжіліс залында өткен жиынға бас-аяғы 42 адам қатысып, аталған облыстағы бос жұмыс орындарының жай-күйінен хабардар болды. Жиналғандардың ішінен 4 отбасы Павлодар облысына қоныс аударуға ниетті екендіктерін жеткізді.

Айта кетейік, 2017 жылдың 10 айында Түлкібас ауданынан Павлодар облысының Ертіс ауданына 3 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданына 1 отбасы өз еркімен қоныс аударған.  Қоныс аударған отбасылардың мүшелері тұрақты жұмысқа орналасып, балалары мектеп-балабақшаларға орналастырылған.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости