ОҚО-да 4,7 млрд теңгеге мемлекеттік-жекешілік әріптестігі аясында 7 нысан салынады

Dalanews 18 июл. 2017 10:28 779

Оңтүстік Қазақстан облысында алдағы уақытта мемлекеттік-жекешілік әріптестігі аясында жалпы құны 4,7 млрд. теңгені құрайтын 7 нысан бой көтеретін болады. Қазірдің өзінде 2  балабақша мен 500 орындық емхананың құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бұдан бөлек, 11 жобаға конкурс жарияланыпты. Бүгін бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов мәлім етті.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы бүгінде жалпы республика бойынша  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жобаларды іске асыруда 5-орынға тұрақтапты. Сондай-ақ, өңір басшысы аталған жобаларды іске асыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын барлық сала басшылары мен   мәслихат депутаттарына тапсырды.

– Қазіргі таңда Елбасымыз еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту жолында барлық жағдайды жасап отыр. Соның бірі – мемлекеттік-жекешілік әріптестікті дамыту. Бұл қоғамда маңызды жобаларды жүзеге асыруға жеке инвестицияларды тарта отырып тиімді басқаруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді жеке секторға беруге бағытталған мемлекетпен жеке бизнес арасындағы ынтымақтастық болып табылады. Сондықтан үгіт-насихат құралдарын көптеп шығарып, кәсіпкерлерге түрлі салалардағы бірлесіп атқаратын  жобаларды ұсынып отыру қажет, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Басқарма басшысының айтуынша,  жалпы әкімдіктің бастамасымен 34 жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы іске асыру жоспарланған.  Заң талаптарына сәйкес тиісті құжаттары рәсімделген 18 жобаның тізбесі облыстық мәслихатпен бекітіліпті.

– Биылғы жылы 34 жобаның 11-іне  конкурс жарияланды. Оның 1-уі  білім, 3-еуі спорт нысаны. Байқау қорытындысы 4 - тамыз айында анықталады. 4 жобаның конкурстық құжаттамалары әзірлену үстінде. Тиісті сараптама қорытындылары алынғаннан кейін тізбесін бекіту үшін облыстық мәслихаттың қарауына ұсыныс берілетін болады. Бұдан бөлек, 12 жобаның тұжырымдамасы дайындалып, жыл соңына дейін тиісті сараптама қорытындыларын алу көзделіп отыр, – деді Арман Сәбитұлы.

Өңір басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мақсатында облысымызда мемлекет тарапынан бөлінетін 95 млрд. теңгенің көлеміндегі жобаларды әзірлеуге шақырды. Бұл ретте әкім балабақшалар мен спорт кешендерін, футбол алаңшалары және отбасылық, студенттік жатақханалардың құрылыс жүргізуге кеңес берді.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости