Оңтүстіктен солтүстікке көшкен қазақтың үміті ақтала ма?

Dalanews 14 июл. 2016 04:37 1217

Қазір еліміздің оңтүстігіндегі тұрғындар біртіндеп солтүстікке көшіп жатыр. Осы ретте КТК тілшісі аталған мәселе төңірегенде зерттеу жүргізіпті. Әріптестеріміз СҚО Уәлихан ауданының Телжан ауылына көшіп келген Жаңабай Ағабековтың өмірін үлгі ретінде ұсыныпты. Кәсіпкерлікпен айналысатын Жаңабай Ағабеков  қоныс аударған әр отбасына жұмыс тауып, жаңа орында немен айналысатынын телеарана тілшісіне айтып беріпті.  

– Жерлестерім өте еңбекқор. Мында жылыжай салып, картоп, сәбіз өсіріп, мал шаруашылығымен айналысатын болады, - дейді Жаңабай Ағабеков.

Көшу әр адамның жеке ісі. Мемлекет ешкімді күштемейді. Өз кезегінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова: «Көшуге ниет білдіргендерге жол шығыны, баспана жалдауды айтпағанда, сол барған жеріне үйренісіп кеткенше, ақша береміз. Жұмысқа тұруын да қадағалап отырамыз», – деген еді.

Бүгінде оңтүстіктен солтүстікке бет алған қазақтардың үміті ақтала ма деген заңды сұрақ туындайды? СҚО-ның бүгінгі ахуалы қандай? Осы ретте белгілі экономист Айдархан Құсайынов ойын ашық айтыпты:
– Түпкі  экономикалық саясат пен дәйектеме жоқтың қасы. Жақсы, адам көшіп келді делік. Орналасты, жәрдемақыны пайдаланды, ары қарай не істейді? Жаңабай Ағабековтің жасағаны – жобаны жүзеге асырудың ең тиімді тәсілі. Егер оның тіршілігі солтүстік өңірде жақсы дамыса, басқа да жұртттар легімен көшетін болады. Сондай кәсіпкерлер көбірек болса, басқа адамдарды да тартады. Ол үшін ең бастысы – бизнеске қолайлы жағдай жасау. Адамдарды көшірмес бұрын, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау қажет, – дейді білікті маман.

Ал экономикалық шолушы Денис Кривошеев жаппай миграция – оңтүстікқазақстандық ауылдық азаматтар қалалық болу үшін көшіп жатқанын айтты.
– Елді урбанизация жаулап алды. Қала халқының саны үздіксіз өссе, ауыл халқының саны, керісінше, төмендеп барады. Адамның қай жақтан қоныс аударғаны маңызды емес, ауылдықтар қалада тұруға эконмикалық жағынан да, психологиялық жағынан да бейімделмеген. Бұл  үрдіс қосылған құнды қалыптастырмайды, керісінше, шайып кетеді. Оларды орнықтыру үшін бюджетті кеңейтуге тура келеді. Ауылдан ауылға көшсе бір жөн, бірақ  бұл –  урбанизация. Ойландыратыны, «оңтүстікте халық тығыз орналасқан, солтүстікте бұл көрсеткіш төмен. Қытайдың Гуанчжоу халық тығыз орналасқан аудан. Ал Шымкент халқы бар-жоғы 3 миллтон халық тұрады. Бұл Қытаймен салыстырғанда шағын қалашық. Ресейді алсақ, Омбыда – 2 миллион, Новосібірде – 4 миллион. Жалпы, біздің елде халық көп, тығыз орналасқан деп айту артық.  Сапалы тұрғындардың  санын көбейту керек! Яғни, ауыл өзін-өзі туғызу тиіс. Ол үшін ауылдықтар көшіп кетпеудің барынша жағдайын жасау қажет, – деп шолушы қазақтардың солтүстікке бет алғанын құптамайтын сыңай танытыпты.

Ал Қазақстан риэлторлары қауымдастығының президенті Елена Грива:
– Көшіп жатқандар үшін жұмыс, білім алу, тамақтану екінші орындағы мәселе. Бастысы – баспана! Шымкенттік кәсіпкер Ағабеков  іс жүзінде мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырды деп айтуға болады. Егер мемлекет осылай жасағанда көптеген жұрт тұрғылықты жерін жаңа жерге ауыстыруға талпынушы еді, – дейді.

Бүгінде үкімет аталмыш бағдарлама бойынша қоныс аударушы отағасына 50, ал отбасы мүшелеріне 35  АЕК көлемінде қаржа береді. Қазір 1 АЕК – 2121 теңге. Сонда отағасы көшті бастағаны үшін 106050 теңге алады. Бұл әрине аз.

Қоныс аударғандарға тегін баспана берілмейді. Бірақ, бағаны салыстырсақ, қоныс аударатын ОҚО тұрғынына баспана сату-сатып алу тиімді. Қазір Шымкентте баспананың 1 шаршы метрі орташа есеппен 665 доллар немесе 225 200 теңге, Петропавлда – 186 900 тг немесе 552 доллар, Өскеменде бір шаршы метр 181 700 теңге/537 доллар.

Тіпті, болмаса жалға алуға болады. Бірақ, кез келген қоныс аударушы белгілі бір мөлшерде қаржы шығындайды.  Материалдық, моральдық стресс. Егер материалдық жәрдем берілсе, өзге өңірге көшу қиын болмайды. Сондықтан әр адамның жеке басындағы жағдай ескеріліп, бағдарлама тиімді өзгерістер енгізудің маңызы зор.

Жаңа қоныс тепкен отбасының алдында қайда, қалай, және қанша табыс табамыз деген сұрақ туады. Бұл мәселені көшпей тұрып алдын ала анықтап алудың да маңызы зор. Себебі, оңтүстікте табыс әкелген жұмыс солтүстікте пайдаға жарамай қалуы мүмкін.

ҚР Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының төрайымы Лариса Харькова:
– Мәселен, солтүстік өңірде темір шеберлері, механик, зертхана қызметкерлері тапшы делік. Сондықтан көзді жұмып көше жөнелмей, қоныс аударатын тұрғылықты жерде қандай мамандықтар сұранысқа ие екендігін егжей-тегжейлі біліп, белгілі бір мамандық курсын оқып алуы керек. Ауыл тұрғындары қалаға мүлдем дайындықсыз келеді. Салдарынан өз мамандығы, білімі мен қабілетіне сай емес, тіпті бұйырған қара жұмысқа жегіледі. Нәтижесінде бірқатар өңірлерде біліксіз мамандар жұмыс істеуде. Оған дәлел – жолдарымыз бен құрылыстар. Бұрындары жұмыс берушіні қанағаттандырарлық ПТУ бар болатын. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлап, тапшы мамандықты білген дұрыс, – дейді.

Ресми мәлімет бойынша, Шымкент шарықтап өсіп барады, бірнеше жылдан соң халқы 5 миллионға жетеді деген болжам бар. Ал меморгандардың мәліметінше, солтүстік облыстағы елді-мекендерден жұрт жаппай көшіп жатыр.

Сондықтан оңтүстіктен-солтүстікке қоныс аударған қарапайым халыққа баспана беріліп, бизнеспен айналысуына мүмкіндік туғызу қажет. Сондай-ақ, субсидия, оқу іздеген жастарға жалпы бөлінген грант шеңберінде квотаны арттыру керек..

Заира САБИТОВА

Рекомендовать
Последние новости