Оңтүстіктегі жыл жемісі

Dalanews 31 дек. 2017 04:26 914

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында халықты табиғи газбен қамту жұмыстары қарқын алды. Яғни облыста 89 нысанның  газдандыру құрылысы жүргізіліп, жұмыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артқан. Аталған жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттен 13,4 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы мәлім етті.

Биылғы жылы газдандыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңында 59 нысан ел игілігіне тапсырылған. Оның ішінде 70 мыңға жуық халық мекендейтін 44 елді мекен «көгілдір отынның» қызығын көре бастайды. Осылайша, табиғи газбен қамту көрсеткіші 2018 жылдың 1 қаңтарында 344 елді мекенге жетпек. Бұл дегеніміз облыстың 1 млн 825 307 тұрғыны газбен қамтылмақ. Осы жылы құрылысы жүрген қалған нысандар жеткізгіш газ құбырлары мен АГТС-тер болып отыр. Бұл көрсеткіш өткен 2016 жылмен салыстырғанда 17 пайызға өскен.

Айта кетейік, өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен облыстың  елді мекендерін 2017-2021 жылдар аралығында газдандырудың кешенді іс-шара жоспары әзірленген болатын. Осыған  сәйкес 2021 жылы облыста қосымша 383 елді мекенге табиғи газ жеткізу жоспарлануда.

Газдандыру жұмыстарына қаралған жоғарыда аталған қаржыға бұдан бөлек, облыстың экономикасының барлық секторларын табиғи газбен 2050 жылдарға дейін қамтамасыз ету мақсатында 15 автоматтандырылған газ тарату станцияларының (АГТС) құрылыстары да кіріп отыр. Оның төртеуі, яғни,  Түркістан, Иқан, Сайрам, Бәйдібек аудан-қалаларында ел игілігіне берілген.  Үш автоматтандырылған газ тарату станцияларының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости