Оңтүстікте «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды

Dalanews 03 авг. 2017 16:29 1306

Оңтүстік Қазақстанда ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Аталған шара биылғы оқу жылында «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету» ұранымен өтеді.

Тамыз және қыркүйек айларында ұйымдастырылатын шараның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ішінен оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу болып табылады.

Республикалық «Мектепке жол» акциясына барлық деңгейдегі мекеме басшылары, аудан әкімдері, кәсіпкер азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, аудандық, қалалық білім бөлімдері, сондай-ақ, мектеп басшылары атсалыса алады.

Еске сала кетсек, өткен 2016 жылы осы акцияны өткізу нәтижесінде 18510 балаға материалдық көмек берілген-ді. Оның ішінде, 10096 балаға бюджет қаражаты есебінен, қалған 8414 балаға бюджеттен тыс демеушілер қаражаты есебінен материалдық көмек көрсетілді. Облыс бойынша материалдық көмек алған балаларға  жалпы  197 млн 414 мың теңге сома көлемінде қаржы жұмсалды. Оның 134 млн 687 мың теңгесі бюджет есебінен болса, 62 млн 727,9 мың теңге сомасы бюджеттен тыс демеушілер есебінен берілді.

Жалпы, «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылған 9 жыл ішінде республика бойынша 2 млн.-нан астам  балаға жалпы сомасы  15 млрд. теңгенің материалдық көмегі көрсетілді. Жыл сайынғы өткізіліп жатқан осынау шараға демеушілер мен меценаттар тарапынан көрсетілген  көмектер мен қолдаулардың үлесі зор.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости