Оңтүстікте жыл басынан бері 6553 пәтер ел игілігіне берілді

Dalanews 28 дек. 2017 07:48 725

Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылы тұрғын үй құрылысының өсу қарқыны байқалады. Мәселен, өткен жылы көпқабатты  44 үй, яғни, 214,6 мың шаршы метр болатын 2564 пәтер тапсырылды. Ал, осы жылы облыста барлығы 976,9 мың шаршы метр болатын 245 көпқабатты үйдiң құрылысы жүргiзiлуде. Оның бүгінде 347,2 мың шаршы метрі, яғни, 91 үй пайдалануға беріліп, 4733 баспана ел игілігіне үлестірілді.

Өткен жылғымен салыстырғанда өсім 61,8 пайызға артқан. Бұл жұмыстар облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қалада көпқабатты тұрғын үй санын көбейту бойынша берілген тапсырмасының негізінде жүзеге асып отыр.

Жыл басында аймақ басшысы облыс орталығындағы негізгі мәселелердің бірі – баспана екенін айтып,  қала орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына басымдық беріп, үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жайын қарастыруды тапсырған болатын. Сондай-ақ, қаланы дамытудағы кезекті бір жиынында қаладағы үйлердің 70 пайызын жер үйлер құрағандықтан олардың инфрақұрылымдық қажеттіліктермен қамтамасыз ету аса көп шығынды талап етіп отырғанын және жеке тұрғын үй құрылысы көптеп салынуынан орталықтың сәулеттік келбетіне де айтарлықтай кері әсерін тигізгенін ескерткен. Осы ретте,  облыста алдағы уақытта көпқабатты тұрғын үй салу қарқыны еселене түспек. Яғни, 2018 жылы өңірде осы жылдан өтпелі көпқабатты 154 тұрғын үйдің құрылысы мен  қосымша жаңадан  көпқабатты 100 тұрғын үйдің құрылысы басталмақ.

Жалпы өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыты бойынша 620 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беріліп, осының нәтижесінде оңтүстікқазақстандық 6553 отбасы баспаналы  болды. Құрылысы біткен үйлердің ішінде 347,2 мың шаршы метрі  көпқабатты болса,  272,3 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй.

Аталған тұрғын үй құрылысына 36,9 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 8,9 пайызға артық. Оның ішінде 18,8 млрд теңге мемлекеттік инвестицияларды құрайды.



 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости