Оңтүстікте ішкі көлік жолдарын дамыту экономикалық байланыстарды жақсартады

Dalanews 10 авг. 2017 15:01 771

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласы аумағындағы жол-құрылыс нысандарын аралап, бүгінгі ахуалымен танысты.

Ең алдымен, аймақ басшысы облыс орталығы – Шымкентті Сайрам ауданының Ақсукент ауылымен және Түлкібас ауданын қосатын негізгі транспорттық жол торабы болып табылатын Жібек жолы көшесінің қайта құру жұмыстарын көрді. Пазиков көшесінен Кіші айналма жолына дейін, Арғынбеков көшесі қиылысының жол айрығымен бірге реттеліп жатқан жолдың жалпы ұзындығы 7,8 шақырым. 2015 жылдан бері басталған осынау жұмыстарды аяқтау осы жылдың қараша айына жоспарланған.

– Екі бағыттағы төрт жолақты жолдың ені бұрын 7,5-8 метрге дейін болса, бүгінгі таңда жол ені 15 метрге дейін кеңейтілді. Жұмыстар аяқталғанда аталған көшедегі көлік тығыны толықтай жойылып, Сайрам ауданы халқының қалаға келуін жеңілдететін болады. Ішкі көлік жолдарын дамыту экономикалық байланыстардың жақсаруына сеп болды.Сондықтан жол торабының бойын реттеу кезінде қала халқының жүріп, тұруына ыңғайлы болуы қажет. Ал,сала жетекшілері бөлінген қаржыны тиімді пайдалануы тиіс, – деді Жансейіт Қансейітұлы.



Қайта құру жұмыстарының барысына куә болған Ж.Түймебаев жол құрылысын салуда шетелдік компаниялардың тәжірибесін алға тартты. Яғни, ең күрделі деген құрылыс нысандарын қысқа мерзімде салып, қолданысқа беруге болатынын ескерген әкім аталған жолды реттеу жұмыстарын тездетіп, қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды.

Облыс әкімі аралаған екінші нысан – облыстық маңызы бар КХ-97 «Ақсу-Қабылсай-Қайтпас-қалалық қоқыс аймағы» автомобиль жолының 10-18 шақырым аралығын қайта құру жұмыстары болды. Жұмыстарды аяқтау 2019 жылдың қарашасына жоспарланған. Аталған жол бөлігінің жалпы ұзындығы 9 шақырымға жуықтайды.

«Қасқасу» демалыс аймағына баратын жолдардың даму сызбасы да жұмысшы топтың назарынан тыс қалған жоқ. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Н.Байғұт аталған мәселе аясында әкімге баяндама жасап, болашақ жол құрылыстарының жоспарымен таныстырды. Сайрам ауданы арқылы Төлеби ауданына, одан Қасқасу демалыс аймағына баратын жолдар мен осынау өңірлердегі туризмді дамыту мақсатындағы бүкіл жолдардың инфрақұрылым мәселесін шешетін жобаларды айтқан басқарма басшысына облыс әкімі жұмыстарды үнемі бақылауда ұстап отыруды және келесі жылға дейін пайдалануға беру жағын қарастыруды тапсырды. Оңтүстікте жыл санап туризм саласы дамып келе жатқанын алға тартқан Жансейіт Қансейітұлы қаланың кіріс-шығысы мен Сайрам, Төлеби, Қазығұрт, Ордабасы бағытындағы жолдардың бәрін дамыту қажеттігіне тоқталды.

Мұнан кейін аймақ әкімі Қ.Төлеметов көшесінің қайта құру жұмыстарына куә болды. Құжаттағы атауы - «Кіші айналма жолды қайта құру» (Қалалық қоқыс орнынан Жібек жолы көшесіне дейін ПК 63 – ПК 107) деп аталатын жол бөлігінің тиісті жұмыстары екі жыл басталған. Ұзындығы 4,4 шқ. болатын бөлікті барынша тез арада бітіруді айтқан әкім сапасын да естен шығармауды нұсқады. Төрт жолақты тас жолдардың бойында көп қабатты үйлер салынып, сәнді ағаштардың егілуі, аяқжолдардың да қарастырылуы керектігін ескерткен әкім Шымкентте шаһар атына сай құрылыстар болуы керектігін айтты.

Өңір басшысы бастаған топ облыстық маңызы бар КХ-37 «Шымкент-Қызыләскер-Түйетас» автомобиль жолының 0-3,9 шақырым аралығын қайта құру бойынша атқарылған шаруаны да көрді. Өткен жылдан басталған жұмыстар осы жылы қарашаға дейін бітуі тиіс. Халыққа барынша ыңғайлы орта құру қажеттігіне назар аударған бірінші басшы күн суымай қолданысқа беруді тапсырды.



 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости