Оңтүстік тұрғындары «Шабыт» күнін атап өтті

Dalanews 23 февр. 2018 07:39 899

Оңтүстік Қазақсан облысында 1 наурыз – Алғыс айту күні аясындағы онкүндік шарасы «Шабыт күні» мерекесіне ұласты. Бұл күні облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында қолөнер бұйымдары көрмесі ұйымдастырылды. Мерекелік жиында түрлі этнос өкілдері қолдан жасаған түрлі туындыларын жұрт назарына ұсынды.

Іс-шараның салтанатты ашылуына қатысқан облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Е.Байқонақов 20 ақпан мен 1 наурыз аралығында өтетін мерекелік іс-шаралардың мән-мазмұнына тоқталды.

Жиында сөз алған облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі, қолөнер шебері И.Рафиков 15 жылдан бері қазақ халқының зергерлік бұйымдарын жасаумен әрі насихаттаумен айналысып келе жатқанын айтты.

«Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамып келеді. Әр туындының астарында терең мән-мағына бар. Осы дүниелер арқылы болашақ ұрпақ өзінің тек-танымын біліп, тарихи санасының жаңғыруына мүмкіндік алады», – деді Икрамжан Рафиков.

Сондай-ақ, бұл күні облысымыздың барлық аудан, қалаларында «Ынтымағы жарасқан Қазақстан!» атты шығармашыл дарын иелерінің қолөнер бұйымдары мен шығармашылық өнер туындылары көрмесі ұйымдастырылса, мектептер мен колледждерде тап осындай тақырыпта шығармашылық байқаулар өткізілді.

Айта кету керек, ертең 1 наурыз – Алғыс айту күні аясындағы онкүндік шарасы «Көршіге ізет» мерекесімен жалғасатын болады. Ондағы мақсат – өңіріміздегі көршілер арасындағы қарым-қатынасты бекемдеу, көршіге құрмет көрсетуді насихаттау.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости