Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті қайтадан қамауға алынды

Көркем Алдабергенова 10 июл. 2025 15:08

Бейсенбі күні Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль жеке камераға қайтадан қамалды. Бұған соттың оның тұтқындалуына ордер беруі себеп болған, деп хабарлайды Dalanews.kz Reuters агенттігіне сілтеп. 

2024 жылдың желтоқсанында Юн елде әскери төтенше жағдай енгізуге әрекеттенгенімен, бұл жоспар іске аспай қалды. Кейін парламент оны бүлік ұйымдастыруға талпынды деп айыптап, импичмент жариялады.

БАҚ мәліметіне сәйкес, тергеу органдары Юнның Солтүстік Корея аумағына әскери дрон жіберуге бұйрық бергенін дәлелдейтін айғақтар тапқан. Бұл әрекет қарсы тараптың қарулы жауап беруіне әкеп соқтыруы мүмкін болған, сол арқылы елде әскери жағдай жариялауына сылтау іздеген болуы ықтимал.

Биыл қаңтарда Юн алғаш рет тұтқындалған еді – оны Сеулдегі резиденциясынан күшпен ұстап әкеткен. Алайда екі айдан соң сот оны техникалық негіздер бойынша босатып жіберді. Соған қарамастан, оған қатысты тергеу жалғасып жатыр. Юн өмір бойына бас бостандығынан айырылуы немесе өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Маусым айында елде кезектен тыс президент сайлауы өтті. Онда оппозициялық Демократиялық партияның өкілі Ли Чжэ Мён жеңіске жетті.


Рекомендовать
Последние новости