OneWeb негеостационарлық спутниктік жүйесі негізінде қоғамдық Wi-Fi нүктесі ашылды

Dalanews.kz 06 сент. 2025 18:38

Ақмола облысының Алғабас ауылында OneWeb геостационарлы емес спутниктік байланыс жүйесі (НГСО) арқылы жұмыс істейтін қоғамдық Wi-Fi нүктесі іске қосылды. Бұл бастама Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz

Жоба бағыттарының бірі – шалғайдағы немесе халқы аз ауылдарды интернетке қосу. Мұндай елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту немесе мобильді станциялар орнату тиімсіз. Ал аталмыш технология жоғары жылдамдықты әрі тұрақты интернетті өзге шешімдер мүмкін болмайтын жерлерде де қолжетімді етеді.

Жалпы, НГСО технологиясы арқылы 504 ауылды интернетпен қамту көзделген. Бүгінде 176 елді мекен KazSat спутниктері арқылы қосылды, ал тағы 328 OneWeb жүйесі негізінде қамтылады. Алғабас ауылын интернетке қосу осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі болды.

«Бұған дейін ауылымызда байланыс мүлдем болмаған. Хабар алу үшін 3 шақырым жердегі таудың басына шығатынбыз. Енді ауылымызда интернет бар. Ағайындарымызға хабарласып үлгердік», деді Алғабас ауылының тұрғыны Ботагөз Хусаинова

Енді ауыл тұрғындары онлайн-білім алуға, электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалануға және жақындарымен еркін байланыста болуға мүмкіндік алады.

 


Рекомендовать
Последние новости