Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі цифрландырудағы басты жетістіктерін таныстырды

Ақтоты Жапатова 26 июн. 2025 18:53

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде экономиканың басым секторларындағы цифрлық трансформацияның жүзеге асырылу барысына арналған брифинг өтті. Іс-шарада ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова сөз сөйледі,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қарқынды технологиялық даму жағдайында цифрландыру – мемлекеттік басқарудың тиімділігін, ашықтығын және орнықтылығын арттыратын басты құралдардың бірі. Осыған орай Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аталған салаларда жүйелі цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп келеді.

Жер қойнауын пайдалану саласындағы цифрландыру

Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасының негізінде геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы 22 мемлекеттік қызмет цифрландырылды. Платформа интерактивті картаны, лицензиялар мен келісімшарттарды беру және олардың орындалуын бақылау үдерістерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылдың соңына дейін геологиялық есептерді жасанды интеллект көмегімен өңдеу жобасын іске қосу жоспарланған. Жасанды интеллект жүйесі сканерленген есептерді, кестелер мен карталарды талдап, геологиялық Big Data — деректер базасын қалыптастырады. Қазіргі таңда прототип дайындау және бастапқы базаны құру — жобаның алғашқы кезеңі сәтті аяқталған. Бұл болашақта жер қойнауын кешенді талдау мен перспективалы учаскелерді болжау үдерістерін автоматтандыруға негіз болады.

Сондай-ақ, лицензиялық-келісімшарттық шарттар (ЛКШ) бойынша есепті электронды түрде тапсыру модулі іске асырылды. Биыл жер қойнауын пайдаланушылар алғаш рет есепті цифрлық форматта тапсырды.

Бұдан бөлек, келісімшарттар мен лицензияларды цифрландыру бойынша да ауқымды жұмыс атқарылды. Қазіргі уақытта қатты пайдалы қазбалар бойынша 3 449 келісімшарт пен лицензия цифрландырылды.
Сонымен қатар, жалпыға таралған пайдалы қазбалар (ЖПҚ) бойынша акиматтармен бірлесіп цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 2 024 келісімшарт пен лицензия цифрланды.

Құрылыс саласындағы цифрландыру

Цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі — Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (МҚҚК ААЖ) енгізу. Аталған жүйе:

  • нүктелік құрылысқа жол бермеуге;
  • бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары (ЕЖЖ) және инженерлік желілер бойынша өзекті деректерге қол жеткізуге;
  • инфрақұрылымы дайын жер телімдерін әділ әрі ашық бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2025 жылдың III тоқсанында жүйені өндірістік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр.

Ал IV тоқсаннан бастап келесі мемлекеттік қызметтер толықтай электронды форматта ұсынылады:

  • жобалау үшін бастапқы материалдарды беру;
  • эскиздік жобаларды келісу;
  • техникалық шарттарды беру.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін Co-Pilot жасанды интеллект жүйесін қолдану бойынша пилоттық жоба іске асырылады. Жоба аясында дрондар арқылы аумақты әуеден шолу жүргізіліп, алынған деректер бекітілген бас жоспарлармен және ЕЖЖ-мен салыстырылады. Егер сәйкессіздіктер анықталса, бұл ақпарат автоматты түрде сәулет-құрылыс бақылау органдарына (СҚБО) жолданады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы цифрландыру

2025 жылдың IV тоқсанының соңына дейін Бірыңғай төлем құжатын (БТҚ) еліміздегі барлық елді мекенге, соның ішінде ауылдық аймақтарға енгізу жоспарланған. Бұл коммуналдық төлемдер бойынша ақпараттық теңгерімсіздікті жойып, бірыңғай есеп жүргізу стандарттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, коммуналдық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында үдерістерді қайта инжинирингтеу және автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде.

Осы кезеңде іске қосылатын Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай платформасы келесі компоненттерді қамтиды:

  • тұтынушылардың бірыңғай базасы;
  • Бірыңғай төлем құжаты (БТҚ);
  • цифрланған коммуналдық қызметтер;
  • тұрғын үй қоры мен инженерлік инфрақұрылым нысандарының деректер базасы;
  • аналитикалық модуль.

Салаларды цифрландыру — бұл мемлекеттік басқарудың ашық, тиімді әрі орнықты моделін қалыптастыруға, инвестиция тартуға, инновацияны дамытуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық қадам.


Рекомендовать
Последние новости