"Өмір бойына қамалсын!" Алматыда аяусыз өлтірілген күзетшінің әйелі сот үкімімен келіспейді

Сағыныш Сардарова 11 апр. 2025 10:33 1475

Алматыда аяусыз өлтірілген күзетшінің ісі бойынша жуырда сот үкімі шықты. Алайда марқұмның туыстарының айтары бар, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Информбюро 31 мәліметінше, Алматыда көпқабатты үйлердің бірінде аяусыз соққыға жығылып, көз жұмған күзетшінің әйелі сот үкімімен келіспейді. Нұрбол Қайыпбаевтың жары марқұмды көлігімен жаншып, өлімші етіп сабаған адамға 22 жыл аз дейді.

Сондықтан кінәлінің өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілгенін қалайды. Марқұмның жесірі шарасыз күйге түскен. Үш айдан бері сот үкімін күткен Нұрбол Қайыпбаевтың жары кінәлі тиісті жазасын ала ма деп үміттенген. Алайда ол "сот қасақана азаптап адам өлтірген қылмыскерге жеңіл жаза тағайындады" деп күйінеді. "Ал бұл жылдар жан-жарымның орнын толтырмайды" деп көзіне жас алды. 

"22 жыл біз үшін аз. Жолдасымның өмірін қиғандықтан... Ол адамның жер басып жүруіне қарсымын. Мен болашағымды елестете алмаймын, балаларымды, алдыға қарай өмір сүруімізді ойлай алмаймын. Әкелерін бір сәтте жоқ қылғаны өте өкінішті. Балалар әлі де мойындай алмайды әкесінің жоқтығын", - дейді марқұмның әйелі Әсем Молдахұнова.

Айта кетейік, былтыр қаладағы Меркур Таун тұрғын кешенінің күзетшісі болып жұмыс істеген Нұрбол Қайыпбаевты мас күйінде көлік тізгіндеген ер адам бірнеше рет көлігімен басып, артынша ұрып өлтірген болатын. Кінәліге асқан қатыгездікпен жасалған адам өлтіру және жеке өмірге қол сұғу баптарымен айып тағылды.

Сот оны кінәлі деп тауып, 22 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, моральдық шығын ретінде 20 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Алайда 12 мүшесі сап-сау ер-азаматтың өмірін қиды деген әйел кінәлі адамның өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын қалайды. Сондықтан жәбірленуші тараптың адвокаты аппеляцияға бермек.

Марқұм Нұрбол Қайыпбаевтың артында кәмелет жасына толмаған 3 баласы қалды. Кенжесін былтыр күзде жетектеп, бірінші сыныпқа апармақ болыпты. Алайда 45 жастағы азаматтың бұл арманы сол күйі орындалмады.


Рекомендовать
Последние новости