Өмір 26 сәуірмен аяқталмайды

Dalanews 20 мар. 2015 05:17 853

Белгілі саясаткер, қоғам белсендісі Әміржан Қосанов президенттік сайлауға қатысады екен деген сөз тараған еді. Ел ішінде оппозицияның атынан бір адам болса, осы Қосанов дегендей пікір де айтылған. Бірақ, Әміржан мырза «Фейсбуктегі» парақшасында сайлауға түспейтінін мәлімдеді. Соны оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

 Әміржан ҚОСАНОВ, саясаткер

Кезектен тыс президенттік сайлау жарияланған соң маған «өз кандидатураңызды ұсыныңыз!» деген бірқатар ұсыныс түсті. «Қажет болса, штабыңызға еніп, шама-шарқымызша қол ұшын береміз» деуші жанашырлар да болды.

Осы күндері мен азаматтық қоғамда белсенділік танытып жүрген көптеген ұйымдармен, жеке тұлғалармен пікір алыстым, ақылдасып, кеңестім.
Сайлауға түсу идеясын қолдаушылар да баршылық болды. Олардың ойынша, саулау науқаны мүмкіндіктерін пайдаланып, ел ішінде біраз жұмыс жасар едік. Және де, олар айтқандай, саясаткер ретінде өзіме де жақсы жарнама болар еді-мыс.
Додаға түсуіме қарсылық білдіргендер де табылды. «Мынадай сайлау заңнамасы тұсында бәрібір Назарбаев жеңеді, ал Сіздің қатысқаныңыз бұл сайлауға саяси легитимдік береді» деп жатты олар.
Екі пікірдің де өз орны, реті бар сияқты.
Мен де асықпадым, жоғарыда айтқандай, ақылдастым. Өйткені, мұндай сайлауға қатысу деген үлкен мүмкіндік қана емес, аса зор жауапкершілік! Сол жағын да ойластырдым.
Сайлау – «Ең бастысы жеңіс емес, қатысу» деген ұранды басшылыққа алған олимпиадалық ойындар емес қой!
Қазіргі сайлаудың сайқымазақтық сипаты күннен-күнге бедерлене түсуде. Және де осы саяси цирктің режиссерлері қайда отырғаны белгілі: бәрі де солардың жоспары бойынша жүзеге асуда! Мен саяси клоун болғым келмейді!

Қазақстан демократиялық күштерінің бірлігі туралы да ойладым. Соның ішінде бірқатар азаматтар ұсынған «оппозициядан бірегей кандидат ұсыну» туралы идея төңірегінде де біраз адамдармен сөйлестім. Ол да бір дұрыс қадам болар еді. Кандидаттың мүмкіндігі арта түсер еді. Бірақ ол ой да сиырқұймышақтанып кетті. Өкінішке орай, осынау маңызды науқанда біз бір ауыздылық таныта алмадық.
Сондықтан да болашақта Қазақстан демократиялық күштерінің бірлігін қайтадан қалпына келтіру мәселесі біз үшін ең басты шаруа болуы қажет!
Әрине, ОСК хаттамаларына сай «ұтылатынымды» біле тұра, осы сайлауда көзге түсіп, біраз саяси ұпай жинап алуға болатын еді.
Бірақ (және бұл жайт мен үшін өте-мөте маңызды әрі принципті!) сайлауға түскен кез келген үміткер "мен міндетті түрде жеңемін!» деген оймен ел алдына шығуы қажет! Ал барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары түгел дерлік «нұротандықтардан» құралып, Ақорда мен әкімдер тарапынан бақыланып отырған кезде, президенттен басқа ешбір кандидат олай деп мәлімдей алмайтыны анық. Мен де елді алдағым келмейді!
Сайлау – «Ең бастысы жеңіс емес, қатысу» деген ұранды басшылыққа алған олимпиадалық ойындар емес қой!
Қазіргі сайлаудың сайқымазақтық сипаты күннен-күнге бедерлене түсуде. Және де осы саяси цирктің режиссерлері қайда отырғаны белгілі: бәрі де солардың жоспары бойынша жүзеге асуда! Мен саяси клоун болғым келмейді!
Сондықтан да мен осы жолғы, яғни 2015жылдың 26 сәуірінде өтетін президенттік сайлауға қатыспау туралы шешім қабылдадым.
Менің кандидатурамды қолдаған барша ағайынды осы шешімге түсіністікпен қарауын өтінемін.
Өмір келесі айдың 26 сәуірімен аяқталмайды. Біздің күрес жалғаса бермек!
Өйткені, таяу болашақта саяси өмір қыза түседі. Оның ішінде өкіметтің әлеуметтік-экономикалық өмірдегі қателіктері, созылмалы сипатқа ие болып бара жатқан дағдарыс, постназарбаевтық кезең қарсаңындағы топаралық тартыс бізді, азаматтық қоғам өкілдерін, одан сайын белсенді болуға міндеттейді. Сол сыни шақта бірлік таныта білейік!

Рекомендовать
Последние новости