«Өлімге бастаған екі сарбаздың төбелесі». Әскери бөлімге жауапты сержанттар мен офицерлер де жауапқа тартылуы керек

Dalanews 24 авг. 2022 09:06 953

23 тамызда Алматы гарнизонының әскери соты Жамбыл облысына әскери борышын өтеуге келіп, 4 күннен соң жұмбақ жағдайда қаза болған жауынгер Әлібек Қалбайдың өлімі бойынша істі қарай бастады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әлібек Қалбайдың өліміне 18 жастағы жауынгер Айболат Аманжолов күдікті деп танылған. Істі судья Қанат Естай жүргізді.

Айыптау актісін оқыған прокурор Құланбаев Әлібек Қалбай қазасынан бір күн бұрын Айболат Аманжоловпен "төбелесіп, ауыр жараланғанын" айтты.

– 2022 жылдың 21 сәуірінде қатардағы жауынгер Айболат Аманжолов дәлізде өзінің үстемдігін көрсету мақсатында белгісіз себептермен қызметтесі, қатардағы жауынгер Әлібек Қалбайдың сол қолтығынан қолын өткізіп, алақанымен басын ұстап, ішінен бірнеше рет ұрған. Әлібек Қалбай қорғану мақсатында босап шыққан сәтте Аманжолов ішінен, кеудесінен және оң жақ бұғана тұсынан бірнеше рет ұрған, – деді прокурор.


Күдікті Айболат Аманжолов өзіне тағылған айыпты мойындамады. Оның адвокаты Сержан Пірәлиев тергеу ашық өтпегенін, Аманжоловты күдікті деп тануға дәлел жеткіліксіз екенін айтты.

– Николай Курочкин деген бас куә бірінші рет сұрағанда "ештеңе көрмедім" деп жауап берген. Кейін кешке қарай екінші рет сұрағанда "көрдім, екеуі төбелесті, жеті рет ұрды" депті, – дейді адвокат Сержан Пірәлиев.

Жәбірленуші тарап Әлібек Қалбайдың туыстары да прокуратураның бір ғана адамды айыптағанына наразылық білдірді. Олардың адвокаты Гүлайым Шынтаеваның сөзінше, куәгер Курочкиннен жауап алуға екі тарап өкілдері қатыспаған.

– Бір сарбазды ғана кінәлі етіп, соны ғана жазалаудың амалы жасалып жатыр. Бұл іске әскери бөлімге жауапты сержанттар мен офицерлердің де тікелей қатысы бар. Тергеу сотында айыптылар анықталады деп үміттенеміз,– деді ол.

Тергеу сотына 176 куәгер шақырылмақ. Жауынгердің өлімі бойынша әскери бөлім басшыларының үстінен де Қылмыстық кодексктің 453-бабы бойынша ("Қызметке салғырт қарау") іс қозғалған. Бірақ тергеу амалдары құпия жүріп жатқандықтан күдіктілер бар-жоғы белгісіз.

18 жастағы Әлібек Қалбай 18 сәуірде әскери борышын өтеу үшін Ақтау қаласынан Жамбыл облысының Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімшесіне келіп, 22 сәуірде жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Таңғы сапта тұрғанда денсаулығы нашарлап, госпитальда көз жұмған.


Туыстары Әлібектің денесінде көгерген жерлер барын, қабырғасы майысқанын байқаған.

Жылдың басынан бері Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ондаған жауынгері қаза болды. Мұны көбіне әскердегі әлімжеттікпен байланыстырады.

22 тамызда Қазақстан қорғаныс министрлігі "әскерге шақыруға дейінгі кезеңде әскери қызмектерлерді осындай әрекетке итермелейтін әртүрлі өмірлік жағдайлар кездесетінін ескеру керек" деп мәлімдеген.

Рекомендовать
Последние новости