"Олар саяси келешегіне алаңдаулы". Мәмин бір өтірікті бір өтірікпен жамады

Dalanews 07 сент. 2022 10:07 858

Әлеуметтік желіде Нығматуллин, Жақсыбеков және Мәмин үштігінің елордадағы мейрамханалардың бірінде кездесуі қызу талқылануда. Бүгін осы кездесуге қатысты Асқар Мәмин өздерінің қазақтың жоралғысымен сырға салу мәселесін сөз еткенін айтып, елдің назарын басқа жаққа аударуға тырысыпты.

Қазақтың жөн-жоралғысы бойынша сырға салуды әйелдер өзара шешеді емес пе? Бұлардың Қазақстанды гүлдендіріп, енді сырға салғаны қалып еді.

Бірақ бір өтірікті бір өтірікпен жамауда алдына қара салдырмайтын Асекең осы жолы тағы да жазық жерде сүрінгенін өзі де байқамай қалғандай...

Әйтеуір Мәминнің "Бәленшенің немересін қырқыннан шығару мәселесін ақылдасып отырған едік" деп айтпағанына шүкір. Онда Асекеңнің бұл әңгімесі ғасырлық "приколға" айналар еді.


Мәминнің сырға салуға қатысты әңгімесі (өзі әлі келін түсіріп, қыз ұзатпаған ба?) жұрттың үштіктің кездесуіне қатысты күмән-күдігін ұлғайта түскендей.

Мәминнің әңгімесінен кейін үш ноянның недей мәселені талқылағанын білуге жұрттың құштарлығы еселеп арта түсті десек артық айтқандық болмас.

Үштіктің Жолдаудан кейін басқосып, ақылдасуы олардың саяси келешегіне алаңдап отырғанын байқатса керек.

Мәминнің сырға салу операциясына ешкімнің сенбегені анық.

Бүгін "Нұрлан Нығматулиннің Дубайға ұшып барады" деген фотолар әлеуметтік желіде жарияланып, Мәминнің сырға салуға қатысты әңгімесін тас-талқанын шығарғандай болды.

Назарбаев кезеңінде бұл үштік ықпалды фигура болғаны баршаға мәлім. Бұлар Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құрудағы бастамасын қолдан келгенше кедергі жасап, дөңгелекке таяқ тығуға даяр отыр.


Нығматулин Мәжілістен кеткеннен кейін өзінің біраз бизнесінен айырылғаны белгілі.

Әділбек Жақсыбеков болса Назарбаев президенттік биліктен кеткеннен кейін бизнесін біршама реттеп, сақтық шараларын қабылдағанын білеміз. Сондықтан Әдекең ана екеуіндей жоғалтатын дүниесі көп емес.

Ал Мәминнің жағдайы мәз емес. Ол Үкімет басқарып тұрған кезінде Асекеңе қатысты том-том компроматтар дайын тұр деген әңгімелер желдей есуші еді. Жел соқпаса шөптің басы қимылдамасы анық. Сондықтан Асекеңді елордадан ұзап шыға алмайтын тұсаулы атқа теңеуге болады.

Жалпы алғанда бұл үштікке Жаңа Қазақстанда орын жоқ. Оны өздері де жақсы біледі. Сондықтан үш нояның кездесіп жүргені бекер емес.


Құпия кездесу әшкере болғаннан кейін Нығмаиуллиннің Дубайды бетке алуы секем алдыра түскендей... Алдағы уақытта Нұрекең алыста жатып, аңысын аңдуы мүмкін. Егер шынымен Дубайға кетсе, біразға дейін елге ат ізін салмауы мүмкін.

Рекомендовать
Последние новости