"Ол өз амбициясының құрбаны". Назарбаев Әбділдиннің ең үлкен қателігін айтты 

Dalanews 06 июл. 2021 09:04 890

Нұрсұлтан Назарбаев саяси оппоненті болған Серікболсын Әбділдин туралы сөз қозғады деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жемқорлықты, жеке басқа табынушылықты, биліктің бір адамның қолында топтасқанын, жалпы жүйенің олқылықтарын өткір сынаған Әбділдин 2019 жылы өмірден озған. 

Ширек ғасырға жуық оппозиция сапында болған Әбділдин өмірінің соңына дейін өз ұстанымынан тайған жоқ. 

Өзі туралы түсірілген “Штрихи к портрету” деректі фильмінде ұзақ жылғы саяси бақталасына жеке тоқталған Назарбаев: 

“Оның амбициясы арнасынан асып-төгіліп тұратын еді. Достарымның ішінен шыққан дұшпаным…”, – деген баға беріпті.  


Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында дәм-тұзы жарасып, араласып-құраласып тұрғанмен, кейін арадағы сыйластыққа сызат түскенін айтады. 

Назарбаев Әбділдиннің қарым-қабілетін жоғары бағалаған, әйтсе де ілгерідегі себеп екеуінің тізе қосып жұмыс істеуіне кедергі келтірген. 

“Оған сеніп келгенім рас. Президенттік сайлаудың машақатымен жүріп, көп нәрсеге көңіл бөлмеген екенмін. (Ол) сайлаудан кейін күрт өзгерді. Ұлықтау рәсімінен кейін Жоғары кеңестің төрағасы болғысы келетінін айтты.

Шынымды айтсам, мен мұны қаламадым. Себебі, оның мінез-болмысын жақсы білетін едім. Амбициясы арнасынан асып-төгіліп тұратын. Көзқарасы дұрыс болмады. Ойынан айнытуға тырысқан едім, онымнан түк шықпады. Екеуіміз айтысып қалдық. Ақыры, дегеніне жетті. Басқа кандидаттар бас тартып, енді біреулерінің тілін тауып, ақыр соңы Жоғары кеңестің төрағасы атанды”, – дейді Назарбаев. 

Айтуынша, осыдан кейін Әбділдин Ресей Жоғары кеңесінің төрағасы Руслан Хасбулатовпен жақын араласып, екеуара “одақ” құрған. 

“Хасбулатов күллі билік коммунистердің қолында шоғырлануы тиіс деп ұрандатып жүрген большевиктің бірі еді. Мұның соңы неге ұласқанын білесіздер. Әбділдин де әлгінің айтқанына еріп, шатақ шығарды”, – дейді Назарбаев.


Экс-президент сол тұстағы парламентте кілең коммунистер отырғанын айтады. Назарбаевтың нарықтық экономикаға қатысты кез-келген идеясы әлгі жерден әрі аспай, бұғатталып отырған. 

“Мен ұсынған бірден-бір жобаны іске асырмады. Таңнан кешке дейін табан тоздырып парламентте жүремін. Әкелген қағаз-құжатымды алдарына тосып, әрбір жобаны егжей-тегжейлі түсіндіріп қара терге түсемін. Түк өнбеді. Осылай уақыт өте берді. Алтын уақытты зая кетіріп жаттық.  

Нарықтық экономиканың темірқазығы саналатын жекенің мүлкі, жекешелендіру, банк туралы, шағын және орта бизнес туралы заңды бесігінде тұншықтырып отырды.  



Парламентте отырғандардың түгелі советтік идеологиямен тәрбиеленген, коммунистік көзқарастағы буын еді. Жасырары жоқ, өзім де солардың арасынан шықтым. Алайда заман өзгерісті талап етті”, – дейді ол.

Нарықтық экономикаға көшер тұста коммунистер Назарбаевтың шаужайына жармасқан. Әбділдин аудан-ауылдарды аралап коммунизмнің қайта орнарын қайталаумен болған. Оның маңайындағы топ әкімдердің жұмысына кедергі келтірген. 

Сөй деген экс-президент сәл болғанда билік қайтадан большевиктер қолына өтер еді деген болжам айтыпты.


“Амалым таусылған шақта, Алматыдағы аудандық кеңестік депутаттары мандатын тапсырып, таралғалы жатыр деген ақпарат жетті. Үзілген үміт қайта тірілді…

Әбділдин? Қазақта өлген адамның артынан ауыз сөз айтпайды. Марқұм жақсы кісі еді. Кәсібилігі мен қарым-қабілетіне күмәнім болған жоқ. Жолдас болдық. Сыйлас болдық. Күндердің күні күрт өзгерді. Ақыр аяғы достарымның арасынан шыққан дұшпаныма айналды”, – дейді Назарбаев.

Алматыдағы аудандық кеңестің өкілдері тарқап тынғанын естіген экс-президент Жоғары кеңестің депутаттарын қолқалай бастаған. 

“Түк бітірмедіңіздер. Бұл парламентті таратып тынған дұрыс" дедім. Тең жартысы менің ұсынысымды қабыл алып, депутаттық мандатын тапсырды. Осылайша коммунистік кезеңнен келе жатқан Жоғары кеңес өмір сүруін тоқтатты. Әбділдин президенттік сайлауға Компартияның атынан түсті. Кеңестік идеологиядан әбден жиренген жұрт оны қолдап қайтсын. Олар электоратына не ұсынар еді?!”, – дейді ол. 

Айтуынша, әлгі жеңілістен кейін Әбділдин Назарбаев билігін өткір сынауға көшкен. Бірақ бұл жүйеге балама боларлық идеясы жоқ еді дейді. 

Тұтастай алғанда оппозиция серкелерінің бірде-бірінде ел дамуына кепілдік берер татымды жобаның жоқтығына сенімді.


Оның пікірінше, қазіргі жүйенің оппоненттері сөзге келгенде шебер, іске келгенде шорқақ. 

“Әдетте бұлардан: “Бағдарламаларың қайда? Елді қайда бастап барғыларың келеді?” деп сұраймын. Үн жоқ. Мұндай жоба болса және мен ұсынған идеядан артық болса бір жөн. Іліп аларлық ештеңе ұсына алмайды. Демократия деп даурығады.

Батыстағыдай демократияға жету – біз үшін басты мақсат. Бірақ бұл бір күннің жұмысы емес. Оған ілдебайлап жетеміз. Іргедегі көршілердің қабағына қарау қажет. Олардың тартылыс күші бізге қатты ықпал етеді. Демократия демес бұрын, қырғызға қараңыздар. Ереуілдің соңы неге ұласты? Осы отыз жылда қырғыз қандай жетістікке жетті?” – деген екен Назарбаев. 

….

Қазақстан Жоғары кеңесінің бұрынғы төрағасы, оппозициялық саясаткер, ғалым Серікболсын Әбділдин соңғы сұхбатының бірінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары 265 заң шыққанын айтқан еді. 



“Тәуелсіздік қазақтың қолына тигеннен кейін оны дұрыстап пайдалану деген мәселе туған. Ол тәуелсіздікті дұрыстап пайдалану үшін бірнеше заң шығарылған. Осы заңның барлығы біздің мемлекеттің іргесін бекіту үшін. Билік пен халық екеуін біріктіріп, тәуелсіздік пен ұлтқа, келешек ұрпаққа пайда жасайтындай жол жасалған.

Өкінішке орай оның барлығы бұзылып кетті. Бұзылып кеткен себебі билікті тартып алған, билікке келген адамдардың көпшілігі өз басын сауғалап кетті. Өз өңешін, өз қарнын ойлап кетті. Сол себепті де тәуелсіздікті біз оңалтпай отырмыз.

Бізден нашар, бізден төмен халықтың өзі мемлекет жасап отыр. Ал біз жеріміздің асты да, үсті де байлыққа сыймай тұрған халықпыз және осындай кең байтақ жерде халқымыздың саны шамалы. Өкінішке орай біздің жерімізді, байлығымызды басқалар сорып жатыр”, – деген болатын Әбділдин. 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


https://www.youtube.com/watch?v=V-QZiVdM1iU

Рекомендовать
Последние новости