Нұрсұлтан Назарбаев: ШЫҰ «Шанхай сегіздігіне» айналады

Dalanews 09 июн. 2017 10:36 706

Шанхай ынтымақтастық ұйымы «Шанхай сегіздігіне» айналады. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты. 

«Біз үшін ұйымымыз аясындағы практикалық ынтымақтастықты ілгерілету бойынша мүмкіндігі зор қадамдарды әзірлеу маңызды. Халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасу да пайдалы болады. Осыдан 12 жылы бұрын дәл осы Астанада екі елге, Үндістан мен Пәкістанға ұйымымыздың байқаушысы мәртебесін беру туралы шешімге қол қойылуының символдық мәні бар. Біздің отырысымыздың маңыздылығы ұйымызға бұл елдер кіргелі отыр, ұйымымыз кеңеюде. Ендігі уақытта ШЫҰ-ның жауапкершілік аймағы үш миллиардтан астам адам тұратын аумақты, әлемнің жалпы ішкі өнімінің шамамен үштен бірін қамтитын болады. Осылайша, ұйым өзінің институттық дамуының «Шанхай сегіздігі» ретіндегі жаңа кезеңіне аяқ басты», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінде ШЫҰ-ға іргелес бірқатар өңірдегі жағдайдың ушығуына, геосаяси шиеленістің артуына куә болып отырғанымызды атап өтті. «Осыған байланысты біздің кеңесіміздің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық терроризмге бірлесе қарсы тұру туралы мәлімдемесін қабылдау бастамасы дер кезінде көтерілген қадам болмақ. Бүгін біз қол қоймақ болып отырған экстремизге қарсы іс-жимыл жөніндегі ШЫҰ конвенциясының да өзектілігін атап өткім келеді. Біздің елдеріміздің қорғаныс ведомстволарының тиімді өзара іс-қимылын арттыруға, практикалық ынтымақтастығын нығайтуға «Бейбіт миссия» терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуы айтарлықтай үлес қосады», - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті өткен кезең ішінде ШЫҰ түрлі халықаралық бірлестіктермен ынтымақтастықты нығайту бойынша да зор жұмыстар жүргізгенін айтты.

«2016 жылдың қарашасында БҰҰ Бас ассамблеясының ШЫҰ-мен ынтымақтастық жөніндегі қарары қабылданды. ШЫҰ мен БҰҰ-ның трансұлттық есірткі қылмысына қарсы күрес мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шараларының қорытындысын қолдаймыз. ШЫҰ мен Қызыл крест халықаралық комитеті қарым-қатынасын рәсімдеудің келешегі зор көрінеді. Сонымен қатар ШЫҰ-ның ЕАЭО-мен, ИЫҰ-мен өзара іс-қимылын жолға қоюға қолдау білдіреміз. Бұл жайында бүгін мемлекет басшылары шағын құрамдағы отырыста айтты», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, кеңейтілген құрамдағы отырысқа ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, ШЫҰ байқаушы мемлекеттерінің басшылары: Ауғанстан Президенті Ашраф Гани Ахмадзай, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Беларусь Президенті Александр Лукашенко мен Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Рахимпурдың, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди мен Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Мухамад Наваз Шариф, ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов, ШЫҰ Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымы атқарушы комитетінің директоры Евгений Сысоев, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің атқарушы директоры Гун Цзяньвэй, ТМД атқарушы комитетінің төрағасы, атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бас хатшысының орынбасары Аманжол Жанқұлиев, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының бас хатшысы Ле Лыонг Минь қатысуда.

Дереккөз: ҚазАқпарат


 

Рекомендовать
Последние новости