Нұрсұлтан атауы жұрттың жүрегін лоқсытып, ашуын туғызады – журналист

Dalanews 11 сент. 2023 13:57 1071

Алматыда көліктің рөлінде келе жатып бұрынғы Фурманов көшесіне жақындағанда екіұдай күй кешемін. Төрт жыл бұрын өзгертілген Назарбаев даңғылы деген жаңа аты тілге үйірілмей-ақ қойды. Қабылдай алмаймын. Кейбір таныстарым бұл көшені «Атың өшкірдің көшесі» деп атап жүр.

Бұрын Лепсі атанған көшеге Фурманов аты 1956 жылы берілген. Алматыдағы ең орталық көше болғандықтан бұл көше тәуелсіздік жылдарында жалпы Азаттық даңғылы аталуға әбден лайық еді.

2019 жылы халықпен, тұрғындармен тәртіп бойынша келісілместен бұл көшеге бірден экс-президенттің аты беріліп кетті. Енді бұл қателікті, асығыс ағаттықты жөндейтін шақ туды!

Елімізде тәуелсіздік алғаннан кейінгі 32 жылда жасалуға тиісті отарсыздандыру (деколонизация), советсіздендіру (десоветизация) үдерістерімен қатар дәл бүгінгі таңда қолға алынатын шаруа – нұрсыздандыру (денұризация). Өкінішке қарай билік трансформациясының толқыны кемерінен асып өте алмай Назарбаев режимінің шеңберінде қалып қойды. Бірақ бәрі бір кеткен қателіктер түзетілуге тиіс!  


Экс-елбасы өзінің атын шығаруға аса құмар болғанын білеміз. Елорданың да аты екі-үш жылдай Нұр-Сұлтан болды. Оның аты берілген мекемелер қатарында президент архиві мен кітапханасы бар. Одан бөлек, елордада тұңғыш президент мұражайы мен Назарбаев университеті бар. Назарбаевтың зияткерлік мектептері әр облыс орталығында бар.

Мұның бәрі мемлекет бюджеті есебінен қаржыландырылады. Қаладағы темір жол вокзалы мен халықаралық әуежай да Назарбаевтың атында.

Жеке басқа табыну жылдарында Алматыда дендропарк, басқа облыс орталықтарында саябақтар ашылды. Шығарылған пошта маркілері мен қызғалдақ сорттарын айтпай-ақ қоялық.

2019 жылы билік транформациясы кезінде Қазақстандағы барлық облыс орталықтарының басты көшелерінің аты Назарбаев көшесі деп өзгертілді. Тіпті, оның аты-жөні Қазақстан Әнұраны авторларының бірі ретінде көрсетілген.

Жағымпаздар қолдауымен Назарбаевтың атын мәңгі есте қалдыру үшін не істелмеді десеңізші?! 1998 жылы Іле Алатауының Комсомол шыңы атауы «Нұрсұлтан шыңы» деп өзгертілді.

Қазақстанның Сыртқы істер ведомствосының араласуымен Түркия астанасы Анкарада, Шешенстан астанасы Грозныйда, Үрдін елінің (Иордания) астанасы Амманда, Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында көшелерге Нұрсұлтан Назарбаев аты беріліп, тіпті қола мүсіндері, ескерткіштері  орнатылды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені тағайындалғаны бар.

Мектеп дейсіз бе, институт дейсіз бе, парк дейсіз бе осылай толып жатыр. Тәттіні жей берсе адамның құсқысы келетін сияқты бұл атау да адамдардың жүрегін лоқсытып, наразылығын арттырып, ашуын келтіріп жүргеніне талай жыл болды.

Енді бес жылдан кейін болса да, он жылдан кейін болса да бұл атаудың мүлде жойылатынына, халықтың жадынан өшетініне еш күмән жоқ. Халыққа жасаған жақсылығы «екі сиырдан» аспаған экс-президентті соншалықты ардақтау еш қисынға келмейді.


Істеген азды-көпті пайдалы қызметі болса ол үшін ең үлкен жалақы алғаны да белгілі. Ол жалақысы шектеулі мөлшерде болса оны құпиялап ұстамас еді. Сондай-ақ, оның және отбасының қызмет бабын, туыстық жақындығын пайдаланып жекешелендіріп алған елдегі, шет елдердегі нысандарын, орасан зор активтерін бюджетке қайтару күн тәртібінен түспеуі керек!

Бүгінгі билік тұтқасына корупциядан алыс, жағымпаздықтан жоғары жас толқын келіп жатыр. «Әділетті Қазақстан» ұраны халық арасында сенім туғызу үшін әділетсіздіктерге жол берген диктатор Назарбаевтың өзі де, билігі де қоғамдық тұрғыдан да, заңдық тұрғыдан да айыпталуға тиіс!

Марат Байділдаұлы

Рекомендовать
Последние новости