Нұрлан Ноғаев соңғы екі айда 25 елді мекенге барып, халықпен кездесу өткізді

Dalanews 23 апр. 2022 06:40 971

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының төменгі шағын аудандарының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Есептік кездесу барысында қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай 2021 жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылғы жүзеге асатын жоспарлар туралы айтып берді.​

Нұрлан Ноғаев тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, денсаулық сақтау салаларда көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту, халықты жұмыспен қамту, шағын аудандарды абаттандыру және көшелерді жарықтандыру, балалар алаңдарын, балабақшалар мен мектептер салу, қаңғыбас иттерді ату ұсыныстарын тыңдады.

– Маңғыстау облысының әлеуеті өте жоғары, оны тиімді пайдалана білуіміз қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды үздіксіз жалғастырамыз. Міндетіміз – қолда бар жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңа жұмыс орындарын құру, заматтық қоғамды дамыту арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру. Ең бастысы – қоғамдық келісім мен тұрақтылық. Біз ортақ күш-жігеріміздің арқасында ғана айтарлықтай табысқа қол жеткізе аламыз, – деді Нұрлан Ноғаев.


Бүгінде қала бойынша 265 балалар ойын алаңы бар, оның 55-і жөндеуді қажет етеді. 2021 жылы 69 ойын алаңына жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл қалаға жаңадан 10 балалар және 10 спорт алаңын орнату жоспарлануда.

Лифт шаруашылығына келетін болсақ, қалалық коммуналдық меншіктегі 128 лифт ауыстыруды қажет етеді.​ 2021 жылы 15 лифт жаңартылды, биыл тағы 15 лифт ауыстырылады деп жоспарланып отыр.

Қаладағы тағы бір өзекті мәселе – қоғамдық дәретханалардың болмауы. Оны шешу үшін 2021 жылы қоғамдық дәретханалармен жабдықталған 8 аялдама салынды, биыл тағы осындай аялдамалар іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл жоба қаладағы қоғамдық дәретханалар мәселесін шешуге көмектеседі.

Кездесу аяқталғаннан кейін облыс әкімі Ақтау қаласының азаматтарын жеке қабылдады.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» жарлығына сәйкес ауыл, аудан, қала әкімдері халықпен әр тоқсан сайын кездеседі. Ал облыс әкімдері жылына екі рет көшпелі кездесу өткізетін болады.

Осы жылдың наурыз және сәуір айларында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыстың шалғай елді мекендері мен қалаларында халықпен 25 кездесу өткізіп, 1000-нан астам тұрғынды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Рекомендовать
Последние новости