Немцовты неге өлтірді?

Dalanews 12 мар. 2015 08:08 810

Кремльден 100 метр жерде ту сыртынан атылған оқтан қазіргі ресейлік билікті, бүгінгі путиндік жүйені белсенді сынаушылардың бірі – Борис Немцов қаза тапты. «Қала мен Дала» газеті бұдан бір апта бұрын ғана Немцовтың «Форбс Қазақстанға» берген сұхбатын қазақша аударып басқан едік. «Украинаның жалғыз жауы – Путин. Киевтегі төңкерістің Ресейдің өз ішінде қайталануынан өлердей қорқады. Украиндер Батыспен біржолата біріксе... міне, бұл Путекеңнің түсінде де көргісі жоқ қорқынышы» деген еді сол сұхбатында. 

Және бір сұхбатында ол өзіне қастандық жасалуы мүмкін екенін де айтқан болатын. Немцов қазасына қатысты пікір білдірген оның жақтастары мен демократияны ту еткен тұлғалардың тұжырымдары бір жерден шығып жатыр... біз әлемдік ақпарат құралдарында жарияланған қазанамаларды іріктеп ұсынып отырмыз.

ӨТЕ ӨКІНІШТІ...
Михаил СААКАШВИЛИ, Грузияның экс-президенті:
50e7e4c99051e268404d9caf44cf39fe– Мен Бористы өлерінен бірнеше күн бұрын Киевте кездестірген едім. Екеуіміз түстендік. Ол маған жақтастарымен бірге Мәскеуде митинг өткізетінін айтты. Мен одан «қазіргі жағдайда Ресейде мұндай шара өткізуге қорықпайсың ба?» деп сұрадым. Ол мұнысы үшін Путин өзін түрмеге қамауы мүмкін екенін, алайда ұзақ уақыт ұстап тұра алмасын айтты.

Мен оған дәл қазір түрмеден емес, қолындағы қызыл шараптан қауіптенуі қажет екенін айттым. Иә, қалжыңым орынсыз болды, білем. Бұдан кейін де ұзақ сөйлестік. Путин әңгіменің негізгі арқауы болды. Мұның бәрі немен аяқталар екен? Путиннің «ақыры» қалай болады? Ақыр аяғында екеумізде Путин мен Милошевичтің арасынан көп ұқсастық таптық. Соңғысы соғысты сүйетін еді, оны танымал қылған да сол. Алайда оның түбіне жеткен де осы – соғыс. Айтпақшы, Милошевич те оппозиционерлерді аяусыз басып-жаныштаған болатын.
Боря батыл, тым батыл еді. Алды-артына қарамайтын... Иә, онымен дауласуға, тіпті кейбір тұжырымдарымен келіспеуге де болады, бірақ елемей-ескермей кету мүмкін емес. Мен оны 90 жылдардың ортасынан бері қарай білемін. Соңғы жылдары жиі сөйлесіп жүрдік. Өмірден өзге халықтардың досы, Ресейдің нағыз жанашыры, патриоты өтті. Өте өкінішті...




БҰҒАН ТАПСЫРЫС БЕРГЕН АДАМ – ЕҢ БАСТЫ ҚЫЛМЫСКЕР

Константин БОРОВОЙ, ресейлік «Батыстық таңдау» партиясының төрағасы, саясаттанушы:
50_tn– Соңғы күндері барлық ресейлік арналар «Антимайданды» өліп-тіріліп жарнамалады. Осы акцияның барысында Борис Немцов қазіргі ресейлік биліктің, мемлекеттің, ең аяғы елдің ең басты жауы деп аталды. Осыған сай плакаттар болды. Көп болды. Сайып келгенде, осының өзі Немцовты өлтіруге үндеудің әдісі болатын. Ал бұл акцияны ұйымдастырған кім? Әрине, ресейлік билік. Ендеше Бористің өліміне де сол кінәлі.
Оған оқ атқан айуандарды табу маңызды. Бұл тарапта көптеген елдің заңнамасы бұл өлімге тапсырыс берген және оны орындаған адамның аражігін ашып көрсетеді.
Бұған тапсырыс берген және итермелеген адам осы қылмыстың ең басты айыпкері.

Бұл саяси қылмыс болса, мұндағы орындаушының рөлі мүлде төмен. Яғни, тапсырды- орындады. Ресейлік ақпарат құралдары бізді адастырғысы келеді. Айталық, «Немцовты украиналықтар мен америкалықтар арандату үшін әдейі өлтірді», – дейді.

1425214161_gҚайталап айтайын, ресейлік қоғамды бұл өлімге әзірледі, Борядан «халық жауын» жасады, «Антимайдан» арқылы арандатты. «Немцов саяси тұрғыдан Путинге қауіп төндірмеген және оны өлтіру ең біріншіден Ресей билігіне тиімсіз еді» дейді. Бұл да бос әңгіме.

Кезінде журналист Анна Политковскаяны атып өлтіргенде де осылай деген. Путиннің өзі осылай айтты. Ол: «Өлі Политковская тірі Политковскаяға әлдеқайда қауіпті», – деді. Бұл жолы да тергеуді бұрмалау, оның арнасын басқа жаққа бұру әдісі жүріп жатыр. Алайда елдің көзі соқыр, құлағы керең емес қой?




...ҚАТЫСЫ БОЛМАСА, ОТСТАВКАҒА КЕТЕР ЕДІ
Альфред КОХ, саясаттанушы:
976567– Егер Путиннің бұл қылмысқа расымен де қатысы болмаса, ендеше, Немцовтың өлімінен кейін ол бірден отставкаға кетер еді. «Міне, көрдіңіздер ме, мен емеспін. Мен бұдан ештеңе ұтқан жоқпын», – дер еді ол. Жарайды, бұл ақылға сыйымсыз десеңіз, ендеше, ол Колокольцев (ішкі істер министрі), Бортников (федералды қауіпсіздік қызметінің директоры) және Муровты (федералды күзет қызметінің директоры) сол сәтте-ақ жұмысынан қуып шығар еді (ең кем дегенде).

Бұл қылмысқа арнайы қызметтің қатысы болмаған күннің өзінде, олар оны назардан қалт жіберіп алғандары, яғни, бұған жол бергендері үшін айыпты. Ойбай-ау, әйтпесе, Мәскеудің тап ортасында, Кремльден 100 метр жерде мұндай қанды қылмыс орын алар ма еді?! Бұл ең кем дегенде қауіпсіздік қызметінің біліксіздігі, салақтығы. Ендеше, олар салық төлеушілердің мойнында масыл болып, әйтеуір айлығын алып, есінеп, есеңгіреп отыр деген сөз.




 

ӘЛІ ТАЛАЙ ҚАН ТӨГІЛЕДІ...
Гарри КАСПАРОВ, әйгілі шахматшы, оппозиционер:
75669336-36072358– Борис күрескер еді. Бүгінгі қылмыстық жүйе оның аузын буудың жолын таба алмады. Ал шешен президенті Қадыров пен Қырым прокуроры Поклонскаяның жазбаларына қарап ( айта кетелік, Қадыров «Немцовты Батыстың арнайы қызметі өлтірді» десе, Поклонская «мұндайлар билікке қауіпті емес. Аты бар, заты жоқ. Билікті, ақшаны бөлісе алмаған әдепкі тұрмыстық қылмыс» деген болатын), бүгінгі путиндік Ресейдің ой-санасы қаншалықты екенін бағалауға болады.

Әлгі Қадыров кезінде дәл осы Боряның Шешенстандағы соғысты тоқтатуға алдыңғылардың бірі болып атсалысқанын және осы мақсатта Кремльден 1 млн-ға тарта қол жинағанын біле ме екен? Әй, бірақ, Шешенстанда осыншалықты қан төгілмесе, Қадыров кланы да билікке келмес еді...
Бір жылдары екеуміз көп дауластық. Мен Ресейде өзгеріс болуы неғайбыл екенін және қазіргі жүйе қан төгілмей орнын босатпасын айттым. Ол керісінше ойлайтын: «Ресейде өзгерістер болады. Бірақ оны күту үшін ұзақ өмір сүру керек. Үміт үзбеуге тиіспіз...» дейтін.
Оны өлтіруге Путиннің бұйрық бергені сөзсіз. Мұндай саяси қылмыстар орын алуы мүмкін атмосфераны қалыптастырған Путиннің өзі. Әлі талай қан төгіледі...

Тіпті, мұны қолдамайтын, Ресейде 1917 жылғы қантөгістің қайталануын қаламайтын Немцовтың өзі қармаққа ілігіп кетті. Осының өзінен -ақ, Путиннің кім және путиндік жүйенің не екенін түсінуге болатын шығар.

 

 

  • 1406786902_0900.1000x800Борис Ефимович Немцов

  • Қызметі: саясаткерТуған жылы: 09.10.1959; Қайтыс болды: 27.02.2015

  • Ресейлік саясаттанушы, ««Солидарность» біріккен демократиялық қозғалысын құрғандардың бірі, «РПР-ПАРНАС» саяси партиясының тең төрағасы, ресейлік оппозиция кеңесінің мүшесі.
    Нижегород облысының губернаторы ретінде танымал болды. Кейін Үкіметке ауысты. Отын және энергетика министрі, Үкімет төрағасының бірінші орынбасары міндетін атқарды.

  • 1998 жылы «Жас Ресей» либералды қозғалысын құрды, артынша бұл ұйым «Оң іс» коалициясы мен «Оңшыл күштердің кеңесі» партиясын құруға мұрындық болды. Бірнеше рет Ресей парламентіне өткен.

  • 2004 жылы «Комитет-2008: таңдау еркіндігі» ұйымын құрды.

  • 2005-2006 жылдары сол кезгі Украина президенті Виктор Ющенконың штаттан тыс кеңесшісі болды.

  • 2010 жылы «Қысымсыз және коррупциясыз Ресей» халықтық партиясының, 2012 жылы «Ресей республикалық партиясы – халықтық еркіндік партиясының» тең төрағасы болып сайланды.

  • 2015 жылдың 27 ақпанында Борис Немцовты атып кетті. Оның артында 4 баласы қалды...


БОРИСТІҢ БАЙЛАМДАРЫ


xflowers-left-for-oppositi-009-1716x700_c.jpg.pagespeed.ic.SSNIgYaIhGPyKVQyUbW2




  1. Ресейде ұзақ өмір сүру керек. Себебі, Путинмен күрес спринт емес, марафон. Бұған алдына мақсат қойғандар ғана жетеді. Ондайлар аз. 


  2. Империялық пиғылымыз үшін әрбіріміз жауап береміз. Өзіңізге сұрақ қойыңызшы: «Сіз, жеке өзіңіз Путиннің Қырымды жаулап алғанынан не ұтасыз?». Ештеңе. Қайта қайғыңызға қайғы жамалады. Біз әрдайым жау іздеп жүреміз. Украиндер - бізге бауырлас ұлт.


  3. Путин құлдық, мұжықтық психологияны өз ыңғайына пайдаланып отыр. Халыққа «тыныш отырыңдар, мен ақылдымын, сендерге қалай көмектесу керектігін білем», – дейді. Бұл мемлекеттің күйреуіне әкелетін апатты сценарий.


  4. Мен революционер емеспін. Ресейде төңкеріс болса міндетті түрде қан төгілерін, тіпті бұдан өткен тосын жағдайлар орын аларын білемін. Сондықтан бүгінгі жағдайдың қантөгіспен шешілгенін қаламаймын.


  5. Ресейде бірнәрсеге жылдам қол жеткізу қиын. Адамдар кедей өмір сүретінін айтады. Бірақ, «Ендеше,дұрыс өмір сүрелік, салықты төмендеткізейік, жеке бизнесті көтерейік, сөз бостандығына ерік берейік» десек, «ЖОҚ, КЕРЕК ЕМЕС» дейді. Қоғам айтады: «Иә, мен қайыршымын, бақытсызбын. Бірақ, сен араласпай-ақ қой. Құдай бетін ары қылсын, бұдан да қиындап кетіп жүрер. Ақырындап, абайлап алға жылжу керекпіз».


  6. Ресей экономикалық «СПИД –ке» шалдыққан. Сыртқы әсерге бейімделмеген. Бірақ бұл кез келген авторитарлы жүйеге тән. Заман түзу болса есіріп, еліріп, ал сәл қиындық туса үгітіліп кетеді.


  7. Путинизмді ұстап тұрған қымбат мұнай мен цензура. Мұның біреуін алып тастаңызшы, келер күні-ақ біз басқа елде өмір сүретін боламыз.


  8. Алаяқтар мен қаптесерлердің партиясы ұзақ өмір сүре алмайды. Сондықтан «Біртұтас Ресейдің» («Единая Россия» партиясы) болашағы жоқ. Бұл партия құрдымға кетіп қана қоймай, оның басшылары күндердің күні сот алдында жауап береді.


  9. Ресейлік билік өз халқынан қауіптенеді, көтерілістен өлердей қорқады, соған қарамай, осы көтеріліс орын алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.


Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости