Диктаторлар тағында өледі

Dalanews 12 мар. 2015 00:22 1047

[caption id="attachment_9682" align="alignleft" width="255"]Бекжон Өзбекстанның шетелде қашып жүрген оппозиционері Сафар Бекжон[/caption]

Өзбекстанда оппозиция бар. Бірақ «бар дейтіндердің» бәрі қашқында, қуғында жүр. Шетелде тұрады. Ал елдегілер қазіргі Кәрімовтың жүйесіне іштей қарсы. Бірақ қашып кете алмағасын, ойларын да ашық айта алмайды. Біз Өзбекстандағы бірқатар ықпалды саясаттанушыларды сөзге тартуға тырысқанымызбен мәселе Кәрімовке тірелгенде, ат-тондарын ала қашты. Ақыры Швейцарияның Лозанна қаласында тұратын, өзбек оппозиционері, жазушы, 4 жыл Таштүрмеде отырып шыққан Сафар Бекжонмен байланысқа шықтық. 

– Бізге мына жайт қызық болып тұр. Сіз бұдан екі жылдың алдында Женевадағы Гүлнәр Кәрімованың үйіне (заңсыз) басып кіріпсіз. Бұған не себеп болды және не итермеледі?

– Менің Өзбекстаннан кеткеніме аз да емес, көп те емес, 17 жыл болды. Осы он жеті жыл бойына Швейцарияда тұрып келемін. Алайда осы күнге дейінгі өмірім Өзбекстанмен тығыз байланысты. Елде болмасам да ол жақтағы жағдайды жақсы білем, бәрін бақылап отырамын. Ал Кәрімовтың қызы іргедегі Женевада құны 18  млн. доллар тұратын зәулім коттедж тұрғызғанын естіп зығырданым қайнады. Ол бұл үйді қалай, қай ақшасына сатып алды? Өзімнің сайтымда Гүлнәрдің халықтың қаржысын оңды-солды шашып жүргенін жаздым. «Әй, әлі өкінесің, сот алдында жауап бересің», – дедім.

– Жауап қатты ма?                  

– Ол бәрін естіп, біліп отырды. Бірақ, тыңдаған жоқ, жауап та қатпады. Үйді тұрғызғаны өз алдына, оның іші-сыртын әрлеуге тағы бірнеше миллион жұмсағаны анық. Мен шыдадым. Күттім.

[caption id="attachment_9683" align="alignright" width="448"]R Путиннің пәрмені мықты...[/caption]

– Нені күттіңіз?

– Гүлнәрдің Швейцариядағы дипломатиялық мерзімінің аяқталуын күттім. Мұның мерзімі  тамызда аяқталды да (2013 жылы) Кәрімовтың қызы шұғыл жиналып кетіп қалды. Оның тайып тұрғаны да тегін болмапты. Швейцария прокуратурасы үйді тінтуде екен. Біраз, затқа мөр басылған. Оның ішінде үлкен қызыл сейф тұр. Оған жолағам жоқ. Бірақ, бұдан басқа да құнды заттар жетіп артылады. Мұражайда тұруы тиіс заттардың бәрін осыннан кездестірдім. Атақты өзбек суретшісі Шыңғыс Ахмаровтың туындылары да осы арадан табылды.

– Дегенмен, сіз үйге қымбат заттарды тамашалау үшін кірмеген шығарсыз...

– Жоқ, әрине. Кәрімовке қарсы тұру оңай дейсіз бе? Осы арада жүйеге қарсы шыққандардың басын қосатын кеңсе құрғым келді. Алайда бұл енді басқа әңгіме. Менің Швейцарияға келуім де тегін емес. Бұл арадағы өзбек жемқорларының былығын әшкерелегім келді. Әшкерелеп те жатырмын. Мысалға, қазір швейцариялық банктерде 700-ге тарта өзбек шенеунігінің шоты бар. Талай өзбек шенеунігінің атын атап, түсін түстеп берер едім. Бірақ, сіздерде бұл қызық болмас.

Өзіңізді оппозицияда дейсіз. Ал елде жақтастарыңыз бар ма?

– Өзбекстандағы өзін жүйеге қарсы санайтын біраз адаммен байланыстамын. Бірақ біргеміз деп айта алмаймын. Елдегі «Бірлік», «Ерік»  оппозициялық партияларын құрушылардың бірі болдым. Бірақ, оларды құртып тынды. Қазір Швейцарияда орналасуға мәжбүр болып отырған адам құқығын қорғау ұйымын басқарамын.

[caption id="attachment_9684" align="alignleft" width="290"]Исламовна Әкесіне қарсы шығам деп үйқамақта отырған Гүлнар Каримова Исламқызы[/caption]

– Соңғы кезде Кәрімовтің комаға түскені, жалпы денсаулығы нашарлап кеткені жайлы ақпарат жиілеп кетті. Бұл оны тағынан тайдырудың жолы ма, әлде Ислам ака шынымен де хал үстінде жатыр ма? 

– Ислам әлеміндегі диктаторларды тағынан тайдыру қиын. Олардан өлгенде ғана құтыламыз. Кәрімов те дәл осындай өз креслосында өлетіндердің бірі. Жарайды, бұл да қауіпті емес. Диктатор күндердің-күні өз орынтағын босатады, бірақ бұдан жүйе өзгере ме? Жүйе өзгермесе өзбектің жағдайы одан әрмен қиындай түседі. Айталық, өзбек президентінің өкшебасарлары деп жүрген 5-6 адам бар. Бұлар: ҰҚҚ (Ұлттық Қауіпсіздік Қызметі) басшысы Рустам Иноятов, ішкі істер министрі Адхам Ахмедбаев, қорғаныс министрі Қабұл Бердиев, премьер-министр Шавкат Мирзияев, қаржы министрі Рустам Азимов. Бұлардың бәрі де Кәрімов қалыптастырған жүйенің өнімдері. Ертең кеткен диктатордың орнына оның ізбасарлары отырса жағдай өзгереді деп ойлайсыз ба? Жоқ. Сосын бұлардың барлығын ресейлік ақпарат құралдары ерекше насихаттап жатыр. Яғни, Кәрімтен кейін Кремльге керекті және оның орнын басуы мүмкін тұлғаларды орыс баспасөзі әлдеқашан тізімдеп қойған.  Ал біз болсақ солардың жетегінде жүрміз.
Жалпы диктатуралық билікте идеология болмайды. Кәрімовтың өзбек «Еуразиялық одаққа қосылмайды, оның өз жолы бар» дегенінің бәрі бос сөз. Ол Ресейдің адамы. Көпшілікті алдында ұпай жинағанды жақсы көреді. Ол құрған жүйенің мүшелері дерліктей ресейшілдер. Мысалға, қазір бүкіл елді уысында ұстап отырған ҰҚҚ-ның барлық кадрлары міне, 24 жыл бойына Ресейде дайындалып келеді.

– «Диктатуралық билікте идеология болмайды» дегенде нені меңзеп отырсыз?

– Мұндай жүйе бір ғана философияға, былайша айтқанда коррупция атты қағидаға құрылады. Сондықтан өзбек президенті азаматтық, саяси, діни, тіпті экономикалық белсенділіктің өзін жүйеге қауіп төндіреді деп санайды. Бұл өз кезегінде тұтас Орта Азияға әсер етіп отыр. Кім не десе де, Орта Азияның жүрегі – Өзбекстан. Мұны өзім өзбек болғаннан кейін айтып отырған жоқпын. Батыс та, АҚШ та бізді аймақтағы негізгі мемлекет ретінде қарастырады. Ендеше қазіргі Кәрімов жүйесе құласа бұл аймаққа да әсер етеді деген сөз. Өзбекстанда демократия болмаса ендеше ол Қазақстан да болмайды. Негізінде демократия туралы айтқанда біздің интеллектуалды әлеуетіміз бар. Мұның бастауын Түркістан оппозициясын қалыптастырған Мұстафа Шоқайдан аламыз.

[caption id="attachment_9685" align="alignright" width="289"]Каримова Кәрімовтың қызы[/caption]

– Кәрімов төртінші рет президент сайлауына түскелі жатыр ғой...

– Иә, бұл Ата заңды белден басу. Әй, бірақ ол елдің пікірін ескерсін бе? Сайлауға оппозицияның 9 өкілі және тағы 3 адам қатыспақ. Біз оларды «Кәрімовтың қуыршақтары» дейміз. Неге дейсіз ғой? Өйткені, үшеуі де елді Ислам Кәрімовке (!) дауыс беруге үндеп жатыр.

КСРО құлағаннан кейін өзбек халқы өз-өзін іздей бастайды, 70 жылға созылған отарлаудың салдары қандай болғанын сезінді. Бірақ бір нәрсе өзгерген жоқ. Бұл – Ислам Кәрімов. Ол әрі атеист, әрі коммунист. Менің бізде идеология жоқ дегенім осыдан шығады. Өзбекстанның 90 пайыз тұрғыны мұсылман. Ал халық қазір толықтай атеистік мемлекетте өмір сүріп жатыр. Бұдан 25-30 жыл бұрын Орта азияда 100-ге жетер жетпес мешіт болыпты, қазіргі бұлардың саны 10 мыңнан асты. Ендеше идеологияны да осыған сай бейімдеу керек еді ғой?

– Бірақ сіздер билікке келсеңіздер не өніп, не өзгерер еді?

– Менің ұстаным сізге қызық көрінуі мүмкін. Мен түркістаншылмын. Өзбекстанды өркендететін бірден-бір жол ол –  Орта Азия мемлекеттерімен арадағы еркін саудаға жол ашу деп білемін. Осы аймақты бір жұдырыққа жұмылдыру, біріктіру. Оның орталығы Түркістан болса қарсы емеспін. Алдымен экономикалық бірігу, кейіннен саяси интеграция жүзеге асса құптар едім. Себебі, біз бір халықпыз. Біздің діліміз, дініміз, дәстүріміз ортақ, тіліміз ұқсас. Мысалға, бағанадан бері сіз екеуміз өз тілімізде сөйлесіп отырмыз. Бірден болмаса да мен сізді, ал сіз мені түсініп отырмыз ғой. Ұстанымы менің көзқарасыммен сай келетін үндестерім, жақтастарым көп. Егер билікке келсек, біз Орта Азия кеңістігінде Еуроодаққа ұқсас ұйым құруға ұмтылар едік.

– Әңгімеңізге, рахмет!

Сұхбаттасқан Думан БЫҚАЙ


 

Рекомендовать
Последние новости