Неліктен адамдар қаржылық пирамидаларға сеніп қалады?

Dalanews 22 мая 2023 10:04 1395

Қаржы пирамидасына қатысушылардың көбісінің сөзі бір: «Денсаулығым мен ақшамнан айырылдым. Тез және көп ақша табамын деген үмітпен шетелдік компаниялардың біріне бар қаржымды салдым. Бірақ ақырында айналамның бәріне қарыз болып қалдым», «Мен тәуекелге баратынымды білдім, бірақ ақшамды алып кете аламын деп ойладым», «Басқалардың тез арада байып жатқанына қатты қызықтым, менің де байып кеткім келді...» Тәуекелдердің бар екенін біле тұра, адамдар әлі күнге дейін еңбекпен, маңдай терімен қиналып тапқан ақшаларын қаржы пирамидаларына ойланбай салып жатыр. Неге?

Жалпы, қаржы пирамидасының анықтамасы қандай? Пирамиданың бірінші қатысушыларының табысы кейінгі инвесторлардың қаражаты есебінен төленетін алаяқтық жүйенің бір түрі. Қаржы пирамидасының негізін салушылар инвесторларға ұзақ уақыт бойы сақталуы мүмкін емес жоғары табысқа уәде береді. Бұл ретте пирамиданың барлық қатысушылары алдындағы міндеттемелерін өтеу мүмкін емес екені анық. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, бұл пирамиданы ойлап тапқан – итальяндық-американдық Чарльз Понци. Ол инвесторларға пошта маркалары бойынша алыпсатарлық арқылы табыс өсетініне уәде беріп, бизнес ашқан.

Енді қазіргі ахуалды зерделеп көрсек, қаржы пирамидасына қатысушылардың бірінің өткенінен хабардармыз. Ол еліміздегі шағын қалалардың бірінде туған, өскен, ер жеткен. Жұмыс іздеп елордаға келген ол алдымен жалдамалы пәтер тауып, еңбек ете бастайды. Ата-анасын осында көшіріп алуды да армандайтын. Бірақ жалдамалы жұмыс пен толық емес жұмыс күні оған қысқа мерзімде қалаған нәрсесіне қол жеткізуге мүмкіндік бермеді.

«Мен көп жұмыс істедім, бірақ менің табысым әлі үй сатып алуға да жетпейтін. Ал жас кезіңде бәрінің бірден бола қалғанын қалайсың: пәтер, жаңа көлік және достармен кафеге бару, қыдыру... Бірде әріптесім мені болжанған инвестициялық компанияға қаржы салуға көндірді. Шындығында, бұл кәдімгі қаржылық пирамида болып шықты. Мен барлық тәуекелдерді түсіндім, бірақ оның жақсы және жаман жақтарын өлшеп көргеннен кейін мен бар ақшамды салуға шешім қабылдадым», - деді ер адам.


Астана тұрғынының айтуынша, ол бір жылдың ішінде жақсы табыс тапқан. Салоннан ескі көлігін кроссоверге ауыстырады, қымбат киім дүкендері мен мейрамханаларды аралауға шамасы жетеді. Өміріндегі өзгерістерді көрген оның достары мен туыстары да қаржы пирамидасына ақша салуды ұйғарған.

«Ақшаның дәмін сезінгендіктен, мен одан да көп пайда тапқым келді. Қолма-қол ақша жинадым, сонымен қатар ата-анамнан жалғыз баспаналарының кепіліне несие алуды өтіндім. Ол жақтан келген барлық қаражатты қаржы пирамидасына салдым. Бұл ақшаны айналдыруға толықтай сенген болатынмын. Бар арманым – люкс тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер сатып алу еді. Бірақ бір аптадан кейін мен компанияның қызметін қысқартқанын білдім. Яғни, несие ақшасын шығарып үлгермей жатып пирамида құлап қалды. Соның салдарынан біраз қарызға да батып қалғанмын. Сонымен қатар кейбір достарым мен туыстарым да несие сұрап, ақша салып үлгерген-ді, олар маған телефон соғып, ақшаларын қайтаруды талап ете бастады», - деп бөлісті қаржы пирамидасының құрбаны.

Несиелерінің бір бөлігін жабу үшін ол көлігін сатады. Енді қазір банктердің пайызын төлеу үшін үш жұмыс істейді. Банкке кепілге қойған ата-анасының пәтеріне алаңдағандықтан, ер адамның денсаулығында қиын проблемалар туындай бастады. Өзінің айтуынша, қаржылық пирамидаға инвестиция салу казинода ойнағанмен тең: сәттілік немесе жоқ. Ол өзін бақытсыз деп санайды.

Неліктен адамдар қаржылық пирамидалардың қақпанына түседі? Сарапшылардың пікірімен санасып көрсек, Андрей Чеботаревтің айтуынша, алдымен ол жерге кім және не үшін ақша салып жатқанын анықтау керек.

«Бірінші санаттағы адамдар бұл пирамида екенін біле тұра инвестиция салады. Бірақ олар ақшаны құлдырамай тұрып алуға үміттенеді. Ал схеманың абсурдтылығы - ол шынымен де жұмыс істейді, бірақ басында ғана. Яғни, соларға төлемдер бұйырады. Бұрын келгендер пирамиданың өсуіне байланысты пайдаға кенеледі. Пирамида жаңа қаражат әкелмей өсуін тоқтатқанда, ол құлайды. Сондықтан көптеген адамдар оны шығарып алуға уақыт табамын деген үмітпен ақша салады. Бірақ бұл – өте қауіпті инвестиция түрі, бұған толық сенімдімін.

Екінші типтегі адамдар – тез байып кеткісі келетіндер. Менің жеке пікірімше, бұл типтегі адамдар пирамидалық схеманы таңдаудан гөрі банктік депозитті таңдауда ұқыптылық танытады. Яғни, 15 пайыздық табыс үшін олар банк менеджеріне сенімділік пен кепілдіктер туралы көптеген сұрақтар қоюға дайын. Бірақ олар 200-400 пайыз пайда уәде еткенде неге екені белгісіз, сенеді», - дейді маман.

Қаржы сарапшысының сөзіне қарағанда, мұндай пайданы қор нарығында және криптовалюта нарығында шынымен табуға болады.

«Мынаны түсініп алу керек, кірістілік неғұрлым жоғары болса, тәуекел соғұрлым жоғары болады. Егер кірістілік жүздеген пайызбен өлшенсе, онда сіз бәрін жоғалтып, әлі де қарыз болып қалу қаупі бар. Оған қоса, бұл казино емес. Акция нарығы тәжірибе мен білімді талап етеді. Сонымен қатар мен осындай жолмен инвестиция сала алатын көптеген адамдарды білемін, өйткені олардың тәжірибесі мен білімі бар. Бірақ сонымен бірге олардың портфолиосының орташа табыстылығы әлі де соншалықты жоғары емес», - деді Андрей Чеботарев.


Психолог Ольга Солоненко болса, әлеуметтік инфантилизмнен зардап шегетін және көбінесе өзін идеалдандыратын адамдар қаржылық пирамидалардың қақпанына жиі түседі деп санайды.

«Мұндай адамдардың психологиялық ерекшелігі бірнеше қасиеттерден тұрады. Бұл сенім, тәуекелшіл және әлеуметтік инфантилизм, яғни өзінің және отбасының алдындағы материалдық жауапкершіліктің төмен деңгейін білдіреді. Мұндай адамдар өздерінің проблемаларымен бетпе-бет келген кезде сыни бағалауды қолданбайды. Баюдың өзіндік фантазиясына кіріп кеткен. Олардың өзіне деген сындарлы көзқарасы дамымаған. Олар өзін, жолын, табысқа қалай жетуге болатыны туралы жалған идеяларды сіңіріп алған. Олар аз шығынмен тез нәтижеге жетуді қалайды. Яғни, бай болу үшін ең аз күш-қуатын жұмсауға әзір», – деп түсіндірді маман.

Психолог Мария Арапова қаржылық пирамидаларға қатысушылардың көпшілігінің бастарында қолайсыз өмірлік сценарий болуы мүмкін деген пайымда.

«Эрик Берннің қағидасына сәйкес, өмірлік сценарийлердің үш сипаттамасы бар бар: жеңімпаз, жеңімпаз емес және жеңілген. Ал жеңілген сценарийі бар адамдар көбінесе өмірде көнетін немесе жеңілетін жағдайларды таңдайды. Мысалы, бала кезінде ата-анасы «жетістікке жете алмайсың» деп айтқан балалар есейгенде жеңілмейтіндіктерін дәлелдеу үшін бәрін жасай алады. Немесе адамның теориялық ойлауы болмаса, ол да қаржылық қиын жағдайға түседі. Әдетте бұл мектепте білім алмаған адамдар тобынан болуы мүмкін. Сонымен қатар үздік оқитындар да бар, мысалы, баға қуып, ақпараттың мағынасын түсінбей, жай ғана қиындыққа тап болып қалды», - деп қорытындылады сарапшы.

Қаржы пирамидасына қалай түспеуге болады? Қаржы талдаушысы Андрей Чеботарев қаржылық пирамида бар екенін түсінуге болатын үш негізгі белгіні атады.

«Біріншіден, бұл лицензияның болуы. Сіздің ақшаңызды тартатын компанияның лицензиясы болуы керек. Егер ол болмаса, бұл оның алаяқ екені туралы ойлауға үлкен мүмкіндік. Лицензияны әрқашан қайта тексеру керек. Дәл осы қағазды шығарған қаржы реттеушісінің веб-сайтына үңіліңіз, фотосуреттерге, скриншоттарға сенбеңіз. Сайтқа кіріп, тексергеніңіз дұрыс. Егер компания инвестициялық компания болса, онда лицензия арнайы қаражат тартуға арналған болуы тиіс.

Екіншіден, егер компания сізге сауда-саттыққа, қор нарығына, акцияларға, облигацияларға, алтынға, криптовалюталарға – кез келген нәрсеге қатысты құралдарда табыстылыққа кепілдік берсе, онда ол анық алаяқтар. Бұл нарықта кепілдіктер жоқ және ешқашан болмайды. Нарық 500 пайызға көтерілуі немесе құлдырауы мүмкін және ешкім сізге тұрақты пайда кепілдігін бере алмайды.

Үшіншіден, егер олар сіздің инвестицияңызды картадағы үшінші тұлғаларға несиелеуді сұраса, басыңызды ала қашыңыз. Мысалы, басқа банктегі жеке шотқа аударым жасауды ұсынуы мүмкін. Инвестициялық компания сізден ешқашан қолма-қол ақша немесе крипто алып келуіңізді сұрамайды. Олар сізге өз шоттарын ашады, сонда сіз өзіңіз ақша аударасыз. Айтпақшы, криптомен бұл қызық, өйткені ол тек алаяқтарды қорғайды. Олар крипт беру арқылы сізге ақша ұстатпайды. Ал Қазақстан Республикасының заңы бойынша крипт төлем құралы болып табылмайды. Сондықтан оларға сіз өзіңізден ақша ұрлағанын да дәлелдей алмайсыз», - деді қаржы сарапшысы.

Қаржы мониторингі агенттігі компанияда қаржылық пирамида белгілерін тексеруге көмектесетін Telegram ботын әзірлеген. Онда кіру арқылы кез келген компанияның құжаттарын тексеруге болады.


«Пайдаланушы тек компанияның веб-сайтына, ұйымына, Instagram парақшасына, ВКонтакте тобына немесе Telegram арнасына сілтеме енгізуі керек. Егер компанияда қаржылық пирамида белгілері болса және бұл сілтеме киберқадағалау жүйесі арқылы бұғатталған болса, пайдаланушыға бұл туралы дереу хабарланады Ал егер компания инвестициялық нарықтың адал субъектісі болса, тиісті жауап талдаудан кейін жіберіледі. Сонымен қатар, сізге табыс ұсынатын компанияны БСН арқылы тексеруге болады. Telegram мессенджеріндегі бір аккаунттан күніне 5-тен көп емес сұраныс жіберуге болады», - деп хабарлады Қаржылық моиторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

Психологиялық тұрғыдан алғанда, қаржылық пирамидаға түсіп қалмау үшін сарапшылар өмір салтыңызды өзгертуге, көп адам жиналатын іс-шараларға баруды тоқтатуға кеңес береді.

«Егер сіз осындай күмәнді компанияларға инвестиция салуға ниетіңіз бар екенін сезсеңіз, онда сізді сол жерге шақыратындармен араласуды тоқтатыңыз. Басқалар туралы бейнелерді көруді тоқтату үшін барлық әлеуметтік желілерді жойыңыз. Басқа адамдардың өміріне қызығуға да жол бермеңіз. Егер адам бір рет осындай жағдайға тап болса, онда ол нені түзету керектігін ойлауы керек. Мүмкін сізге тілдерді үйреніп, шахмат ойнап, сурет салып, кейбір ғылымдарды меңгеру керек шығар», - деп қосты психолог Мария Арапова.

Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылы 29 қаржы пирамидасы жойылған. Жәбірленушілерге 8,3 миллиард теңге шығын өтелді. 15 іс бойынша үкім шығарылып, 23 адам сотталды.

«Азаматтардың алаяқтық схемаларға тартылуының алдын алу үшін олардың қызметін жарнамалайтын 13 мың интернет-сілтемелер мен аккаунттар бұғатталды. Қазірдің өзінде тартылған азаматтарға 19 мың ескерту хабарламасы жіберілді, бұл 15 мың азаматтың финпирамидалық шоттарға жазылудан бас тартуына ықпал етті», - деп хабарлайды ведомство.

https://dalanews.kz/sadak/89326-turkiiadagy-prezidenttik-saylau-zheng

https://dalanews.kz/news/89318-almatyda-65-myngnan-astam-bala-tegin-uyir

https://dalanews.kz/del-qazir/89338-barlyq-is-aynalyp-kelip-aliiaga-tirele

 

Рекомендовать
Последние новости