Назарбаевтың "өнімдері" шетінен жемқор - саясаткер Әбілов

Көркем Алдабергенова 22 апр. 2024 11:31 3945

Қазақстандық кәсіпкер және саясаткер Болат Әбілов экс-министр Қуандық Бишімбаевпен кездесуі және Бишімбаев пен Назарбаевтың байланысы туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әбілов Бишімбаевпен ол түрмеге отырар алдында кездескенін, алғашында интеллегентті азамат болып көрінгенін айтады.

«Бізге солай көрінді. Өте тәрбиелі адам болып көрінді. Ол «Бәйтеректе» (холдинг) болған, сол кезде «БРК» банкке кредит алуды жоспарлап жүргенбіз. Кейінірек ол басқалармен қалай сөйлесетінін естідік: мәдениетсіз, дөрекі екен. «Пацан» бола тұра мемлекеттік қызметте жоғары дәрежеге жеткен адам, бірақ бұл да әділетсіз, орынсыз болған нәрсе. Ескі Қазақстанның өзі «ескілер» және «Болашақтың элиталары» деп бөлініп жүргенде, олар (Болашақ түлектері) билікке таласып, өзін премьер-министр көре бастағанда ескі элита Байбекке де, Бишімбаевқа да қылмыстық істі артып қоймақ болған. Бишімбаев – ескі Қазақстанның тауары, ол Назарбаев өсірген бала. Бұл жеке мақсаттағы мәселе. Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған Мәсімов Ұлттық қауіпсіздікке жауап берген. Ал Қуандық Бишімбаев әйеліне көмектесіп, жедел жәрдем шақырудың орнына көріпкелге хабарласа бастаған. Бұл - жаман пиғылды адамдар», - дейді Әбілов «Гиперборей» YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Болат Әбілов Бишімбаев пен Назарбаевтың байланысы туралы айтты.

«Бишімбаев – Назарбаевтың еркесі болған. Сенім артатын адамы болған. Ол Назарбаевтың көмекшісі болған. Назарбаевқа ұнап, Назарбаев оны дамыта бастады. Бірақ Бишімбаев ешбір қызметінде нәтиже көрсетпеген. Коррупциямен айналысып, «Болашақты» бірге бітірген адамдарын қызметке қойып, қалтасын томпайтып жүрген. Премьер-министр болғысы келген», - дейді Болат Әбілов.

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы әлі де жалғасып жатыр. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube каналынан онлайн тамашалауда.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары –  Жанна Оразбахова мен Алия Омарова.

Еске салайық, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды: аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру); қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Сондай-ақ оның туысы Бақытжан Байжанов та күдікті ретінде қамауға алынды. Оған  қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Нақтырақ айтсақ, 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу); 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).


Рекомендовать
Последние новости