Назарбаевпен байланысы бар офшорлық компания Алматы маңындағы шекаралық аймақта заңсыз ондаған гектар жерге иелік етіп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz "Выход к морю" телеграм арнасына сілтеме жасап.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев және миллиардер Владимир Киммен тығыз байланысы бар Нидерландта тіркелген «Noord Holland Trading Company B.V.» компаниясы Алматының элиталық ауданында орналасқан, құны ондаған миллиард теңге тұратын жер телімдері мен жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Бұл аумақ – Қазақстан заңы бойынша шетелдік компаниялардың меншігінде болмауы тиіс шекаралық аймаққа кіреді.
Аталған жер телімдері Алматының беделді Юбилейный ықшамауданында, Назарбаевтың бұрынғы резиденциясына тиіп тұр. Осыған дейін Назарбаев отбасына тиесілі болған жылжымайтын мүліктің бір бөлігі мемлекетке қайтарылған еді. Бірақ аудандағы 13 гектар жер мен бірнеше зәулім сарай «Noord Holland Trading Company B.V.» бақылауына өтіп кеткен. Бұл компанияның түпкілікті иесі Лихтенштейнде тіркелген офшорлық құрылымның артында жасырылған.
Жаңадан анықталған жер учаскесінің жалпы көлемі – 35 гектар. Бұл аумақта қарапайым үйлермен қатар, ерекше сән-салтанатпен салынған бірнеше алып сарай орналасқан. Соның бірі – Назарбаевтың сенімді серігі әрі жеке қаржыгері саналған марқұм Владимир Нидің отбасына тиесілі. Сондай-ақ, желіге тарап кеткен деректерге сүйенсек, бұл жерде тағы бір ірі сарайға «Қазақмыс» корпорациясының тең иесі әрі миллиардер Владимир Ким иелік етеді. Владимир Ни қайтыс болған соң, Ким Назарбаевқа жақын қаржылық тұлға ретінде оның орнын басқан.
Бұл аумақта Назарбаевтың өзі де жеке меншікке ие. Оның сарайлары «Байтау» қоры және «Капитал Invest 2021» компаниялары арқылы рәсімделген. Ал барлық аумақтың шамамен жартысы «Алмалы» мен «Наурыз» компаниялары арқылы «Noord Holland Trading Company» бақылауына берілген. Назарбаев қорлары Алматыдағы әйгілі «Алатау» санаторийінің активтерін де осы компанияға нарықтағыдан төмен бағада сатып жіберген.
«Алматының Рублевкасы» атанып кеткен бұл элиталық аудандағы мүліктің нарықтық құны өте жоғары – тек жер телімдерінің өз бағасы кемінде 30 млрд теңгеден асады. Ғимараттар мен сарайларды қоса есептегенде, активтердің жалпы құны 50 млрд теңгеден жоғары болуы мүмкін.
Мұндай қадам Назарбаев пен айналасының мүлікті құқықтық жүйесі мықты елдерге шығару арқылы активтерін сақтап қалуға деген ұмтылысы болуы ықтимал. Бұған «Noord Holland» компаниясының директоры Анна Березинаның номиналды тұлға екендігі дәлел. Ол бұған дейін Владимир Ким мен Эдуард Огайдың миллиардтаған активтері тіркелген Ресей және Нидерланд азаматы ретінде белгілі. «Noord Holland Trading Company» компаниясының шынайы қожайыны Лихтенштейндік «Woodbridge Foundation» арқылы жасырынған. Бұл қордың басшысы – Лихтенштейн астанасының мэрі қызметіне үміткер, заңгер Клеменс Латернзер де тек номиналды тұлға болып саналады. Оның өз еркімен Қазақстаннан миллиардтаған теңгеге жылжымайтын мүлік сатып алуы екіталай екені анық.
Дегенмен, бұл жасырын схеманың авторлары күтпеген жерден үлкен мәселе туғызуы мүмкін. Себебі Қазақстан заңнамасы шетелдік азаматтар мен компаниялардың ауыл шаруашылық және шекаралық аймақтарда жер иеленуіне тыйым салады. Алматының шекаралық аймағы ретінде Қазақстан-Қырғызстан шекарасынан 25 шақырым аумақ саналады, ал жоғарыда аталған учаскелер дәл осы аумақта орналасқан. Заң бойынша мұндай жерлерге ие компания шетелдіктердің бақылауына өткен соң үш айдың ішінде меншік құқығын Қазақстан азаматтарына аударуы қажет. Егер талап орындалмаса, жер жергілікті билік арқылы мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Қазір аталған мерзім әлдеқашан аяқталған. Демек, Назарбаев пен оның айналасындағылардың активтерінен айырылып қалу қаупі бар деген сөз.