Назарбаев «Nur Otan» төрағалығынан кетті

Dalanews 23 нояб. 2021 11:17 900

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы өкілеттігін тапсыру туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.

Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter парақшасында: «Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы өкілеттігін тапсыру туралы шешім қабылдай отырып, партияны ел Президенті басқаруы керектігін атап өтті. Өкілеттікті беру рәсімі партия жарғысына сай жүзеге асатын болады» деп ақпаратпен бөліскен.

Оның айтуынша, партия басшысының өкілеттігін тапсыру жұмысы партия жарғысы бойынша атқарылады. Партия жарғысына сәйкес, төрағаны сайлау және қызметінен босату мәселесі съезде қаралады.


Бүгінде «Nur Otan» партиясы еліміздегі жетекші саяси ұйым. 1999 жылы құрылған ұйымды ұзақ жылдар бойы Нұрсұлтан Назарбаев басқарған болатын.

2019 жылы 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті республикалық телеарналар арқылы халыққа үндеу жолдап, өз еркімен отставкаға кететінін мәлімдеді.

Сол кезде Назарбаев жоғары мемлекеттік лауазымнан кетсе де, Қауіпсіздік кеңесі мен Nur Otan партиясының төрағасы болып қалатынын айтты. Конституциялық кеңестің мүшесі бола береді. Сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясын басқарады.

Рекомендовать
Последние новости