Митинг туралы жаңа заң полиция мен наразы топ арасында ешқандай қақтығысты болдырмаған

Dalanews 14 мар. 2022 05:48 803

«Қаңтар оқиғасына» дейін полиция мен наразылық білдірушілердің арасында ешқандай қақтығыс болмаған. Бұл туралы Мәжілісте ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Өздеріңіз білесіз, 2020 жылы «Бейбіт жиналыстар туралы» жаңа Заң күшіне енді. Митинг ұйымдастыру процесі «рұқсат беру» жүйесінен «хабарлама» қағидатына көшті. Осыған орай, полицияның қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету әдістері өзгерді. Полиция қызметкерлері митинг өтетін аумаққа жақын жерде орналасады. Қару мен арнайы құралдарды қолданбайды. Жиналғандармен тікелей қарым-қатынасты тек әкімдік өкілдері ғана жүзеге асырады, –деді министр.

Оның атап өтуінше, полиция митингті тоқтату үшін азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке қауіп төнген, мүлікке залал келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, діни алауыздықты қоздыру; конституциялық құрылысты, аймақтық тұтастықты күшпен құлатуға шақыру фактілері орын алған жағдайларда ғана тартылады.

– Жаңа Заң күшіне енгеннен бастап, полиция мен наразылық білдірушілердің арасында ешқандай қақтығыс болмаған. Тура осы алгоритм «Қаңтар оқиғаларының» алғашқы күндерінде де қолданылды, – деді Марат Ахметжанов.

 

Рекомендовать
Последние новости