Митталмен есеп айырысатын кез келді, онымен жолымыз бір емес – «AMANAT» депутаттары

Dalanews 18 авг. 2023 04:51 1135

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Құдайберген Бексұлтанов «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасындағы апатқа қатысты бірлескен мәлімдеме жасады.

Олардың айтуынша, көмір шахталарындағы жабдықтардың жай-күйі, сондай-ақ өндірісте еңбек ететін жұмысшылардың бей-берекет қысқартылуы осындай қайғылы оқиғаның орын алуына себеп болды.

– Бұған дейін «AMANAT» партиясының депутаттары қаражат үнемдеп, отандастарымыздың өліміне әкеп соқтырарлық шешім қабылдайтын компанияның топ-менеджментін – шетелдік азаматтарын қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен еді.

Бірнеше ескертуге қарамастан, трансұлттық компанияның басшысы, Миттал мырза отандастарымыз апатқа ұшырамауы, жарақаттанбауы және қаза таппауы үшін тиісті шара қабылдауға мүлдем тырыспады.


Біз бұл сөзімізді Үкіметке қарата айтып отырмыз: есеп айырысатын кез келді – Миттал мырзамен жолымыз бір емес! Онымен қоштасатын уақыт келді! – делінеді мәлімдемеде.

Халық қалаулылары Бас Прокурорға жүгініп, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ басшылығын жауапқа тартуды талап етті.

– Миттал үшін отандастарымыз жай ғана шығын материалы іспетті. Қынжылмай құтыла салады. Бізге мұндай инвестордың керегі жоқ, – деді депутат Снежанна Имашева.

Ал мәжілісмен, «AMANAT» фракциясының мүшесі Никита Шаталов Лакшми Миттал кейінгі жылдары орын алған барлық қайғылы оқиғадан қорытынды шығармағанын, ал компания менеджменті үшін отандастарымыздың қазаға ұшырап жатқаны және олардың денсаулығына ұдайы қауіп төніп тұрғаны маңызды мәселе емес екенін атап өтті.

– Біз көмір өндіру және байыту, болат балқыту технологиясын дамытудың ондаған жылын жоғалттық. Ол аз болғандай, осы нысандарда отандастарымыздан айырылып қалып жатырмыз. Бұдан арылудың бір ғана жолы бар – мемлекет Митталдың компаниясын елден шығарып, Қазақстанның жер қойнауы мен отандық өнеркәсіпті пайдалануы туралы онымен жасалған барлық келісімді бұзуы керек. Бұдан былай мұндай сорақылыққа неге төзе беруіміз керек екенін түсінбеймін. «Арселор» отандастарымыздың өлімімен байып отыр, – деді депутат.


Еске сала кетейік, бұған дейін мәжілісмен Ерлан Саиров Лакшми Миттал Қазақстан халқының осынау игілігін еш ауыртпалықсыз, су тегінге алғанын, ал «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы тауарлар мен қызметтерді жеткізуші қазақстандық кәсіпкерлерге шамамен 700 млн теңге қарыз екенін айтқан еді.

Айта кетейік, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы бес жылда аманаттықтар мемлекет пен қоғам тарапынан жұмыс берушінің жауапкершілігі мен жұмысшының қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді көздейді. Бұған қоса, еңбекті қорғау жөніндегі ең төменгі стандарттар жетілдіріледі. Зиянды және қауіпті өндірістегі барлық қызметкердің өмірі мен денсаулығы сақтандырылуға тиіс.

Рекомендовать
Последние новости