Мирзиёев бүкіл өзбекті электрокарға мінгізбекші

Dalanews 20 дек. 2022 16:36 861

Өзбекстан билігі 2025 жылға дейін ел аумағындағы электр қуатымен жүретін көліктерді қуаттандыратын кем дегенде 2500 станса ашуды көздеп отыр. Мұндай мәлімет ел президенті Шавкат Мирзиёевтің Өзбекстандағы электрлі транспортты дамыту жөніндегі Жарлығында тайға таңба басқандай анық жазылған, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгінде жергілікті билік орындары 2023 жылға дейін 1400 қуатандыру орталғын ұйымдастыру үшін арнайы жер телімдерін аукционға шығаруды жоспарлап отыр. Ал «Аймақтық электр жүйесі» компаниясы жол бойында 500 станса салуды мойнына алған.

Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлерге өздері орнатқан көлікті қуаттандыру орталықтарынан электр қуатын сатуға рұқсат берді.

Көлікті қуаттандыру құнын кәсіпкерлер өздері белгілейді, яғни, қуаттандыру құны электр энергиясының тарифіне қатысы жоқ.

Сонымен қатар көлікті қуаттандыру орталығын салған кәсіпкерлер үш жылға дейін жер және мүлік салғынан босатылады. Осылайша өзбек ағайындар кәсіпкерлерді осы іске инвестиция салуға ынталандыруда.


Ең бастысы кәсіпкерлер қуаттандыру орталығын салу үшін сырт елдерден арнайы жабдықтарды жеткізген кезде олар мемлекетке кедендік баж салығын төлемейді. Бұл да маңызды жеңілдік болып тұр.

Ал 2024 жылы жол бойындағы сауда-орталықтары, көңіл көтеру орталықтары және жол бойындағы қонақ үйлердің жанында қуаттандыру орталығы болуы шарт.

Бұдан басқа көрші елдегі министрліктер, комитеттер, хокимияттар және мемлекеттік мекемелердің көліктерінің 50 пайызы электр қуатымен жүретін көліктер болуы керек деген талап та қойылуда. Мұндай жағдайда жақын болашақта Өзбекстанның мемлекеттік органдары 3863 электрокар сатып алуы мүмкін.

Өзбектері 2030 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр қуатымен жүретін көліктерді өздері шығарып, оларды утиль алымнан босатпақшы. Бұл бағыттағы өндірісті өркендету үшін электрокар шығаруға қажетті қосымша бөлшектерді сырттан жеткізу кезінде кәсіпорындар кедендік баж салығынан босатылады.

Осылайша Шавкат Мирзиёев бүкіл өзбекті экологиялық тұрғыдан таза көлікке мінгізуді жоспарлап отыр. Ал біз болсақ, орыстың жаман көлігінен құтыла алмаудамыз.


Енді өзбек ағайындар жыл сайын ел аумағына утил алымсыз 10 мыңнан астам электрокарды кірігізбекші. Бұдан басқа өзбек билігі жолаушылар тасымалында электр қуатымен жүретін көлік түрлерін пайдаланған мекемелерге мемлекеттік лицензия берген кезде мемлекеттік құн салғынан босатуды да қарастыруда.

Өзбекстанның Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, соңғы 11 айды көршіміз 61,3 млн долларға 1912 электрокар сатып алғаны мәлім болды. Оның басым бөлігін өзбектер Қытайдан (1675) жеткізген.

Рекомендовать
Последние новости