Мирзиеев: «Ислам Каримов екеуіңіз қалыптастырған ынтымақтастық нығая түседі»

Dalanews 24 мар. 2017 02:34 867

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесу барысында екі мемлекет арасында алғаш рет 1 млрд доллардың келісімшартына қол қойылатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

– Біз келіссөздерді кеше бастап кеткен болатынбыз. Көлік пен сауда үшін өзара шекараларды ашу бағытында атқарылған жұмыстарды талқыладық. Бұл біздің елдеріміздің арасындағы сауданың күрт өсуіне түрткі болды. Өнімнің жаңа түрлері жеткізіле бастады. Бүгін үлкен бизнес-форум өтеді. Оған екі елден 500 бизнесмен қатысады. Құны 1 млрд долларды құрайтын 75 келісімшартқа қол қойылады. Бұл 25 жыл ішінде алғаш рет орын алып отырған тариxи жағдай, – деді Н.Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы достық қарым қатынас Өзбекстанның тұңғыш мемлекет басшысы Ислам Каримовтің кезінде қаланғанын айтып өтті.

– Ислам Каримов – менің ең жақын достарымның бірі болды. Жатқан жері жайлы болсын. Біз енді ары қарай да бауырлас ел ретінде әрі тату-тәтті көрші ретінде бір-бірімізге көмектесіп тұрамыз. Екі халықтың ынтымағын одан ары нығайтып, сол дәстүрді жалғастыратын боламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасының айтуынша, Шавкат Мирзиеев Өзбекстан Президенті болған бес айдың ішінде екі елдің арасындағы сауда-саттық 30 пайызға өскен.

Бұл – Шавкат Мирзиеевтің Өзбекстан Республикасының Президенті ретіндегі шет мемлекеттерге жасаған екінші ресми сапары. Бұған дейін ол Түркіменстанға барған еді.

Өзбекстан басшысы өз кезегінде Нұрсұлтан Әбішұлын өз еліне қонақ болуға шақырды.

– Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Ислам Каримов екеуіңіз қалыптастырған ынтымақтастық одан әрі нығая түседі. Біз Қазақстанды ең жақын әрі сенімді серіктесіміз деп санаймыз. Қазақстанды БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуымен құттықтаймын. Бүгінгі кездесу біздің болашақ қатынасымыз үшін үлкен маңызға ие. Шақырғаныңыз үшін алғыс білдіремін. Сізді Өзбекстанға шақырамын, – деді Шавкат Мирзиеев.

Айта кетейік, Өзбекстан басшысы Қазақстанға кеше келген болатын. Мәртебелі мейманды ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, вице-премьер А. Мамин, сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахманов, Астана қаласының әкімі Ә. Исекешев, Қазақстанның ӨР-дағы елшісі Е. Өтембаев қарсы алды.

 

Бек ТӨЛЕУОВ

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Рекомендовать
Последние новости